Астанада Kaztraffic-2022 халықаралық көрмесі өтіп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада XVIII «Kaztraffic-2022 халықаралық көрмесі жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара барысында мамандар автожол саласына қатысты жаңашылдықтар мен түйіткілді мәселелерді талқылайды.

Биыл көрмеге өз елімізден бөлек, АҚШ, Германия, Франция, Украина, Түркия, Әзербайжан, Беларусь және Ресейдің 100-ден астам жетекші автожол компаниясының заманауи ғылыми және техникалық өнімдері қойылған.

Қатысушылар жол құрылысы, жолдарды жөндеу, күтіп ұстау және сараптау саласындағы соңғы технологиялары және тәжірибесін бөлісіп жатыр.

«Жол саласы – ел экономикасына тікелей әсер ететін маңызды саланың бірі. Бүгінгі көрмеге көптеген шетелдік әріптестеріміз қатысып отыр. Қатысушыларға жемісті жұмыс, одан әрі әріптестік пен ынтымақтастық тілеймін», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдулин Kaztraffic-2022 халықаралық көрмесінің ашылуында.

Сондай-ақ айтулы шараға үкіметаралық жолшылар кеңесінің төрағасы, хатшылық басшысы Бури Кәрімов қатысты.

«Халықаралық көрменің 18-ші рет өтіп отырғаны қуантады. Бұл өте жақсы. Осындай шаралар аясында екіжақты шарттар мен келісімдерді одан әрі жалғастыруымыз қажет. Жұмыстың көптігіне қарамастан, сіздермен бірге болам деп шештім. Жол маманы ретінде уақыт ағынынан қалмауымыз керек деп санаймын. Мұндай іс-шаралар жол саласын дамытуға өте қажет», - деп атап өтті Бури Кәрімов.

Екі күнге созылатын «Kaztraffic-2022 халықаралық көрмесін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ұйымдастырып отыр.

Бұған дейін отандық автожолаушылар үшін жаңа мобильді қосымшаның іске қосылғанын хабарлаған едік.

Көлік жүргізушілері «Sapar» мобильді қосымшасын республикалық маңызы бар жолдарда қолдана алады. Қосымша онлайн және офлайн режимде жұмыс істейді.

Одан бөлек, жуырда біріккен «Қазавтожол» мен «Қазақавтодор» жаңа тұжырымдамасын таныстырмақ.


Соңғы жаңалықтар