Астанада Қазақстан мен Перу саяси консультациялары өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыртқы істер министрлігінде қазақстан-перу саяси консультациялары өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар 2017 жылғы қарашада Лима қаласында қол қойылған ҚР СІМ мен Перу СІМ арасындағы саяси консультациялардың тетігін орнату жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға сәйкес екі елдің саяси ведомстволарының арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды және диалогтың  дамуын қолдады.

Консультация барысында екі жақты және көп жақты әріптестік талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстан мен Перу арасындағы ынтымақтастықтың шарт-құқықтық базасын кеңейту, визалық режімді жеңілдету, сауда-экономикалық қатынастарды, білім және мәдени-гуманитарлық байланыстарды белсендету.

 Перу Сыртқы істер министрлігінің Азия және Океания істері жөніндегі Бас директоры Элард Эскала Перудің Қазақстанмен әріптестігінің маңыздылығын атап өтіп, Астана Перу үшін Орталық Азия өңірімен қатынастарды жылжытуға хаб болатындығына үміт білдірді.

 Сауда-экономикалық қатынастардың жандандыру мақсатында ҚР Сыртқы істер министрлігі Америка департаментінің директоры Болат Сүгірбаев екі елдің бизнес қоғамдастықтар өкілдерінің арасындағы әріптестігін іскерлік миссиялармен алмасу арқылы жандандыруға шақырды. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ пен Тынық мұхит альянсы аймақтық сауда блоктары арасындағы байланыстарды дамытудың келешегі аталып өтілді.

 Консультациялар барысында «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ мен Перу Ғарыш агенттігінің арасында және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Перудің Дипломатиялық академиясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.

 Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар қазақстан-перу саяси консультациялардың кезекті отырысын 2019 жылы Лима қаласында өткізуге келісті.

Соңғы жаңалықтар