Астанада қазақ тілінде сөйлейтін түрлі ұлт өкілдері жарысқа түсті

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада этномәдени бірлестіктердің жастар қанаты өкілдері ұйымдастырған «Тіл достықтың алтын көпірі» атты мемлекеттік тілді меңгеруге арналған жарыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық байқау Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне мүмкіндік жасауға бағытталған және бүгін сайыстың шешуші кезеңі аяқталды.

«Рухани жаңғыру: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасы аясында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оның қолдану аясын кеңейту мақсатында этномәдени бірлестіктердің жастар қанаты арасында тіл байқауын өткіздік. Байқау екі кезеңнен құралған және бүгін алғашқы іріктеу турынан өткен сайыскерлер бақ сынасты», - деп атап өтті Астана әкімдігі ҚХА хатшылығының бас маманы Гүлнар Тайгокова. 

Бас маманның айтуынша, жыл өткен сайын байқауға деген қызығушылық артып келеді және қатысуға ниет білдірген жастар саны көбеюде. Алдағы уақытта да жастардың үш тұғырлы тілге көшіп, бәсекеге қабілетті болуы үшін тіл байқауын көптеп өткізу жоспарланған.

Байқау қатысушыларына «Менің отаным - Қазақстан» тақырыбында туған жерлерін қазақ тілінде таныстырып, қазақтың танымал ақын-жазушыларының шығармаларын мәнерлеп оқып, жүргізушілер сұрағына жауап беру міндеттелген.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, байқау үшін арнайы бағдарлама әзірленген.

«Байқау барысында адамның тілді қаншалықты меңгергенін бағамдауға болады. Болашақта байқаудан бөлек, фестивальдер, кездесулер, әдеби-музыкалық кештер секілді өзге де қоғамдық-бұқаралық шаралар өткізу көзделген», - деп өз сөзін түйіндеді Г.Тайгокова.

Соңғы жаңалықтар