Астанада кәсіп ашқысы келетіндерге жаңа мүмкіндіктер беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жаңа бағдарлама қабылданатын болады. Бұл туралы қалалық әкімдікте Астана активінің отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, отырыс барысында Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын іске асыру тетіктері талқыланды. Астана әкімі Әсет Исекешев алдағы бір айдың көлемінде қалада өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жаңа бағдарламаның әзірленетінін жариялады.

«Президенттің төртінші әлеуметтік бастамасы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жұмыссыз жүрген азаматтарға несие тетіктері арқылы өз ісін бастауға зор мүмкіндік береді. Мәселен, былтырдың өзінде біз шағын бизнес өкілдеріне берілген несиенің мөлшері 703,1 млрд теңгені құрайды. Бұл жаман көрсеткіш емес. Дегенмен, бұл көрсеткіште тоқтап қалмаймыз. Сол себепті осы бағыттағы жұмысты барынша белсенді етуіміз қажет. Өзімізді жаңа деңгейге шығарғанымыз абзал. Жаңа бағдарлама қабылданған соң, оның талаптарын азаматтарға түсіндіру жұмыстарына ден қойылуы керек. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының алаңында кездесулер өткізетін боламыз», - деді Әсет Исекешев.

Негізі,  Астана қаласы шағын және орта бизнес субъектілер санының өсу қарқыны жағынан елімізде көш бастап тұр.

Ұлттық банктің мәліметтері бойынша 1 ақпандағы жағдайға сәйкес, Астана қаласының экономикасына жалпы сомасы 2 273,9 млрд теңгені құрайтын несиелер берілген.

Фото: my.finanscompass.ru

Соңғы жаңалықтар