Астанада капсуланың көмегімен асқазан-ішек жолдарына диагностика жүргізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 көпбейінді балалар ауруханасында алғаш рет капсуланың көмегімен баланың асқазан-ішек жолдарына диагностикасы жасалды. Бұл туралы аталған аурухананың хирургия қызметінің жетекшісі Ринат Байгереев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Күні кеше ғана республика тарихында алғаш рет біз дербес капсула эндоскопиясын жүргіздік. Бұл диагностикалық әдіс. Яғни адам капсуланы жұтады, сол арқылы біз асқазан-ішек жолдарына қатысты мәліметтерді біле аламыз. Біздің ауруханаға асқазан-ішек жолынан қан кететін пациент келді. Сонымен қатар аталған капсула гастроскопия асқазан-ішек жолының жоғарғы және колоноскопия төменгі бөлімді тексеруге мүмкіндік беріп отыр. Одан бөлек, асқазан-ішек жолдары бойынша қолжетімсіз жерлерді тексеріп, диагностика жүргізуге болады. Диагностиканың қорытындысы бойынша пациентке ота жасауға қатысты шешім қабылданады. Осылайша капсулалық эндоскопия әдісінің көмегімен біз толық көріністі алдық. Нәтижесінде балаға ота жасаудың қажеті жоқ болды,- деді Ринат Байгереев БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында

Оның айтуынша, аталған медициналық әдіс әлем бойынша алғаш 2013 жылы қолға алынды.

«Осы уақытқа дейін капсула диагностикасы көптеген елдерде қолжетімсіз болды, себебі бұл қымбат процедура. Ендігі уақытта хирургтар капсулалық эндоскопия әдісін қолдануды жоспарлап отыр», - дейді ол.

Айта кетсек, №2 көпбейінді қалалық ауруханада елорда бойынша балаларға арналған жалғыз хирургиялық стационар орналасқан.

Тек бір жылдың ішінде МӘМС жүйесі аясында хирургиялық бөлімшенің қабылдау бөліміне 26 мың бала жүгінді.

Хирургиялық стационарда онкология, кардиология және кардиохирургиядан басқа бейінді 10 хирургиялық бөлімше бар.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласында МӘМС аясында балаларға жасалатын ем, отаның 95%-ы тегін екені айтылды.


Соңғы жаңалықтар