Астанада қандай дәрігерлер жетіспейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жазира Ембердиева елордада қандай дәрігерлердің жетіспейтінін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда кадр тапшылығы мәселесі барын түсініп отырмыз. Әсіресе, кейбір ауруханаларда неонатологтар  мен анестезиологтар, реаниматологтар мен ота жасайтын акушер-гинекологтар, окулистер мен отоларингологтардың жетіспеушілігі сезіледі», - деді Жазира Ембердиева Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілінің айтуынша, жекелеген профиль бойынша кадрлардың жетіспеушілігі бар. Дегенмен, медициналық мекемелерде басқа дәрігерлер бойынша мәселе жоқ.

«Дәрігерлердің жүктемесінің көп болуы дәл осы білікті кадрлардың жетіспеушілігінен болып отыр. Астанада дәрігерлердің қабылдауында болу мерзімін барынша қысқартуға күш салып жатырмыз. Осыған байланысты еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойдық. Сонымен қатар, кадр жетіспеушілігі мәселесін біржақты ету үшін жас мамандарға арнап бос орындар жәрмеңкесін тұрақты түрде өткізіп келеміз», - деді Жазира Ембердиева.

Соңғы жаңалықтар