Астанада қаламгер Нұрғожа Ораз тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада ақын, жазушы, публицист, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораз тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаламгер бұл үйде 1985 жылдан 2012 жылға дейін тұрған.

Жеңіс даңғылы бойындағы 2-үйге жиналған қауым алдында бірқатар азаматтар сөз сөйлеп, қаламгердің еңбегі мен өмір жолы туралы айтып берді.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, Астана қаласы мәслихатының депутаты Айтжан Әбдіров өз сөзінде қазақтың көрнекті ақыны, жазушы Нұрғожа Ораз белсенді қоғам қайраткері болғанын мәлім етті. 1965-1991 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағының осы өлкедегі өкілдігін басқарып, қалам ұстаған жастарға қамқорлық жасағанын, Арқа өңірінде ақын-жазушыларды қолдау мақсатында «Сарыарқа» журналын ұйымдастырып, шығарғанын айта келіп: «Нұрғожа аға Астана қаласының саяси және қоғамдық-мәдени өмірін жаңа сипатта қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты. 1997 жылы Алатау баурайынан Ақмолаға астана көшірілгенде, мемлекет басшыларын қарсы алу кезінде қаланың кілтін тапсырған делегацияның басшысы болды. Бірнеше жыл бойы ономастикалық комиссияның белсенді мүшесі болып, игілікті шаралардың атқарылуына атсалысты. Дарынды болмысы, кісілік келбеті, өшпес рухы ел жадында ұмытылмайды. Осы мақсатта Астана қалалық әкімдігі мен мәслихаты ақынның өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнату туралы шешім шығарды», - деді.

Нұрғожа Ораз 1932 жылы өмірге келіп, 2016 жылы дүние салды. Ол соңына өшпейтін әдеби мол мұра қалдырды. Оның 50-ден астам кітабы жарық көрген. Соның ішінде поэма, дастандар мен өлеңдер жинағы, романдары, повестері мен әңгімелері, публицистикалық зерттеу еңбектері оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды. 7 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Қаламгердің туындыларында елдің, халықтың тағдыры арқау болған. «Біз қайда бара жатырмыз?», «Келешегіміз қандай болады?» деп болашаққа көз жүгіртеді. Өзінің ой толғамдарын ортаға салады. Ол өз өлеңдерінде еліміздің болашағы жарқын болсын деп тілеген.

Ғалым, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов Нұрғожа Ораздың әдеби мұрасы жөнінде терең ой толғады. «Ол 1947-1950 жылдары қазіргі Атырау қаласындағы педагогикалық училищені бітіріп, Мұнайлы мектебінде сабақ берді. 1951-1956 жылдары Қазақ ұлттық универсиетінде оқыды. Мұхтар Әуезовтың даналық дәрістерін тыңдады. Халық әртістері Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Асқар Тоқпановтардың көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысты. 1963 жылы Қостанайдан қазіргі елордамызға қоныс аударып, «Тың өлкесі» газетіне қызметке шақырылды. Содан бастап Ақмола қаласының өнеріне, мәдениетіне, біліміне 53 жыл бойы қызмет етті», - деді. Студенттерге қазақ халқының тарихы туралы дәріс оқығанын еске алды.

Бұдан кейін жазушы, ҚР мәдениет қайраткері Толымбек Әбдірайым сөз алып, Нұрғожа Нарынбайұлы осы өңірдің мәдениеті мен өнерін өрге бастыруға көп еңбек сіңіргенін жеткізді. Ал ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистика академиясының академигі, жазушы, журналист Қайсар Әлім ескерткіш тақта орнатылуы арқылы бұл үй тарихи ғимаратқа айналатынын және осы жерден өтіп бара жатқан адам қазақтың осындай қаламгері тұрған үйге құрметпен қарайтынын атап өтті.

Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы: «Нұрғожа ағамыз Арқада руханияттың, әдебиеттің ат байлайтын алтын қазығы болды. Біз 1999 жылы Алматыдан оқу бітіріп, Астанаға келгенімізде әлі әдеби орта қалыптаспаған еді. Жас ақындар «Қайда барамыз?» деген кезде «Сарыарқа» журналының редакциясына келіп, Нұрағамызбен әңгімелесетінбіз. Ағамыз қазақтың арғы-бергі тарихын терең білетін еді. Журналға өлеңдеріміз бен мақалаларымызды шығарды. Астананың Целиноград, Ақмола болған тұстарында ұлтқа қатысты мәселеде ту ұстап, алда жүрген бұйда тартарымыз, тізгін ұстарымыз Нұрғожа ағамыз болды. Сол еңбегін халқы біледі. Ақынның рухани мұрасы жасай берсін», - деп пайымды пікірін алға тартты.

Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінде қаламгердің жары Айман Қожахметқызы қолдау білдірген жұртшылыққа, Астана қалалық әкімдігі мен мәслихат депутаттарына, Қазақстан Жазушылар одағына және оның елордадағы филиалына алғысын білдірді.


Соңғы жаңалықтар