Астанада ИЫҰ министрлері ғылым-білім мәселелерін талқылауда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) мүше мемлекеттердің білім және ғылым министрлері бас қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елуден астам білім, ғылым және технологиялар салаларының министрлері  «ИЫҰ ғылым, технология және инновация саласындағы 2026 жылға дейінгі бағдарламасын» талқылау үшін жиналды. Аталған құжатты 10-11 қыркүйекте  Астанада өтетін Ғылым және технологиялар бойынша Ислам Ынтымақтастық Ұйымының бірінші саммитінде мемлекет басшылары бекітеді.

Жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ИЫҰ ғылым және технологиялар бойынша тұңғыш саммитінің ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылып отырғанын еске салды. Бұл туралы Елбасы 2016 жылы Ыстанбұлда өткен ИЫҰ 13-ші саммитінде мәлімдеген болатын.

«Ғылым мен технологияларға арналған алғашқы саммит бастамасы ИЫҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің білім-ғылым, технологиялар және инновациялар саласындағы ынтымақтастығын нығайта түсуіне бағытталған. Бастамаға барлық мемлекет басшылары қолдау білдірді және бүгін Астанада ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 50-ден астам өкілдері жиналып отыр.  Саммитте бекітілетін бағдарлама жоғары технологиялы жобаларға жол ашып, ғылым-білім саласында жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді», - деді ол. 

Саммит ИЫҰ мүше мемлекеттерінің ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту саласындағы серіктестікті нығайту мәселелерін талқылауға арналған диалог алаңына айналмақ. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының ғылыми ұйымдары мен жоғарғы оқу орындары ИЫҰ мүше мемлекеттермен белсенді ынтымақтастық орнатып келеді. Малайзия, Оман, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия және өзге де елдермен ынтымақтастық туралы келісім орнатылған. 




Ислам ынтымақтастығы ұйымы - 1969-шы жылы құрылған, ең ірі және ең ықпалды ресми үкіметаралық мұсылмандық халықаралық ұйым болып табылады. Қазіргі таңда жалпы саны 1,5 млрд тұрғындары бар 57 елді біріктіреді. ИЫҰ-ның негізгі қағидасы: тұтас теңдік; әр халықтың өзін-өзі билеу құқығын сыйлау; ішкі істерге кіріспеу; егемендікті, мемлекет аумағының егемендігі мен тәуелсіздігін сыйлау;ИЫҰ мемлекет-мүшелерінің арасында пайда болған даулы мәселелерді бейбіт түрде келіссөз арқылы, делдалдылық және арбитраж арқылы шешу; мемлекет-мүшелердің аумақтық бүтіндігіне, сонымен бірге саяси тәуелсіздікке қарсы келетін қауіпті және күшті қабылдамау

Қазақстан 1995-ші жылы Ұйымның толық құқықты мүшесі болды.

Соңғы жаңалықтар