Астанада ITS халықаралық сауда алаңы ашылды

None
Фото: aifc.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада өтіп жатқан Astana Finance Days конференциясы аясында ITS халықаралық сауда алаңы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қаржы индустриясын инновациялауды қолдаймыз. Сондай инновацияның бірі - көпжақты сауда платформасын іске қосу. Осы орайда бүгін Astana Finance Days конференциясында ITS халықаралық сауда алаңы ашылды. Бұл биржа емес, сонысымен өте маңызды. Биржада капитал тартуға болады. Яғни, ол бастапқы нарық. Онда ірі акциялар және бағалы қағаздар ұсынылады. Жаңа бағалы қағаздар тек биржада шығарылуы мүмкін. Ал сауда платформасы қайталама нарыққа арналған. Яғни, қағаздар шығарылған кезде инвесторлар бір-бірімен сауда жасай алады. ITS сауда алаңы біздің инвесторларға халықаралық биржада орналасқан 1500-ден астам түрлі акция арқылы сауда жасауға мүмкіндік береді», - деді Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров Astana Finance Days конференциясы барысында БАҚ өкілдерінің сауалына.

Оның айтуынша, ITS халықаралық сауда алаңы - Астана халықаралық қаржы орталығының қаржы қызметін реттеу комитетінен көпжақты сауда алаңымен жұмыс істеуге MTF (Multilateral Trading Facility) лицензия алған алғашқы компания.

Оның көмегімен инвесторлар жаһандық қаржы нарығының мыңдаған инвестициялық өніміне қол жеткізе алады.

Айта кетейік, елордада қаржы саласындағы ірі оқиғалардың бірі – Astana Finance Days 2023 конференциясы өтіп жатыр.

Аталған шара 2018 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Онда отандық және әлемдік қаржы салаларының өзекті мәселелері, үрдістері мен мүмкіндіктері талқыланады.


Соңғы жаңалықтар