Астанада интернет арқылы көлік «сатып» келген алаяқтар ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың құқық қорғаушылары интернетке жалған хабарландыру орналастырып, көліктерді «сатып» келген алаяқтарды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, интернет арқылы алаяқтық жасаған қарағандылық отбасылық жұп қолға түсті. Нақтырақ айтқанда, олар интернетке төмен бағамен көліктің сатылатыны туралы хабарландыру орналастырып, біркүндік телефон нөмірін қалдырып отырған.

«Өз хабарландыруларына бөтен көліктердің фотосуреттерін жариялап отырған. Арзан бағадағы көлікке қызыққан жәбірленушілерден ең адымен қай облыстан екенін сұрап, автокөліктің мүлде басқа облыста орналасқанын айтады. Жеңілдетілген бағаға келіскеннен кейін алаяқтар алдын ала төлемді киви-әмиян немесе картаға аударуды талап еткен. Осылайша, сатып алушы келгенше көліктің ешкімге сатылмайтынына сендірген. Жәбірленушілер алдын ала төлемді аударғаннан кейін алаяқтар хабарландыруды жойып, ұялы телефондарын сөндіріп, сим-картаны лақтырып жібереді», - делінген ІІД хабарламасында.

Қазіргі уақытта ұсталған алаяқтарға қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Бірнеше эпизод бойынша алаяқтар 1,5 млн теңгені қалталарына басқан.

Астана қалалық ІІД тауарды алмай тұрып алдын ала төлем жасамауға, ондай жағдайда аудиоқоңырау шалуға кеңес береді. Тіпті басқа облыстан көлік сатып алу кезінде сол қаладағы туыстарды немесе достарды көмекке шақырып, тауарды көріп келуді өтіну керектігін ескертеді.

Соңғы жаңалықтар