Астанада Халықаралық шахмат федерациясының әйелдер турнирі басталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада ФИДЕ әйелдер арасындағы гран-при жарысының бірінші кезеңі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнирге әлемнің ең үздік 12 шахматшысы қатысады. Еліміз намысын Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік қорғайды.

Жарыстың ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ойыншыларға сәттілік тіледі.


«Сіздерді елордамызда ұйымдастырылып отырған шахматтан ФИДЕ Гран-при әйелдер сериясы бірінші кезеңінің салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұндай жоғары деңгейдегі халықаралық турнирдің елімізде өтуін ерекше оқиға деуге болады. Сондай-ақ бұл жарыс шахмат спортын республикамызда және халықаралық аренада дамытуға, кеңінен танытуға жол ашады. Шахматшылардың кәсіби шеберлігі шыңдалатын, салауатты өмір салтын насихаттайтын бүгінгі турнирде шын мықтылардың жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспін», - деді Д. Абаев.

Министрдің айтуынша, Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) 2022 жылды «Шахматтағы әйелдер жылы» деп жариялады.

«Бұл әйелдердің шахмат өмірінің барлық салаларына көбірек қатысуы үшін айтарлықтай қолдау көрсететініне сенімдімін», - деді Мәдениет және спорт министрі.


Матчтар күн сайын елорда уақытымен 15:00-де басталады. Турнир 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Жүлде қоры 80 000 еуроны құрайды. Бірінші орын алған шахматшы 15 мың еуро алады.

Турнир қорытындысы бойынша WGP сериясында ең көп ұпай жинағандар ФИДЕ үміткерлерінің әйелдер турниріне қатысу құқығына ие болады. Осылайша турнирге 10 ойыншы іріктелген:

Александра Горячкина FID - (ФИДЕ)

Екатерина Лагно - FID(ФИДЕ)

Алина Кашлинская - POL(Польша)

Бибісара Асаубаева - KAZ(Қазақстан)

Тань Чжунъи - CHN(Китай)

Динара Вагнер - GER(Германия)

Элизабет Петц - GER(Германия)

Чжу Цзиньэр - CHN(Китай)

Жансая Әбдімәлік - KAZ(Қазақстан)

Александра Костенюк - FID(ФИДЕ)

Рамешбабу Вайшали - IND(Үндістан)

Полина Шувалова - FID(ФИДЕ).



Соңғы жаңалықтар