Астанада грэпплингтен «Қазақ батыры» чемпионаты өтіп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат- Еліміздің əр өңірінен іріктеп алынған күресшілер грэпплингтен "Қазақ батыры" атағы үшін Елорда төрінде бақ сынауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Грэпплингтен чемпионат республикалық көлемде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алдымен аймақтық турнир өтіп, соның ішінде жүзден жүйрік шыққан 100-ден аса спортшы Астанадағы республикалық жарысқа жолдама алды.

Спорттық сайыс Есіл жағалауында орналасқан ашық аспан астындағы Амфитеатрда екі күнге жалғасады. Грэпплинг спортының ережесіне сəйкес, күрес екі бөлімнен тұрады, бірінші күні спортшылар кимоносыз күресті, екінші күні кимономен күреседі. Алғаш ұйымдастырылған айтулы спорттық шара 13 категория бойынша өтуде, оның 8-і - ерлер, 5-еуі - əйелдер арасында.

"Республикалық сайыстан чемпион атанған күресшілер қыркүйекте Астанада өтетін əлем чемпионатында ел намысын қорғайды. Бірінші күн қорытындысы бойынша əртүрлі салмақтағы 8 күресші өз чемпиондық атағын қорғап, ұлттық құрама қатарына кіру құқығына ие болды. Аталған спорт түрі елімізде енді таныла бастағанымен, біздің күресшілеріміз əлемдік аренада мықтылардың қатарында. Біздің ендігі мақсатымыз - Елордамызды грэпплинг күресі жоғары дамыған орталық ретінде таныту жəне осы спорт түрінен əлемдік үздік үштіктің қатарынан көріну. Ол үшін бізде барлық жағдай жасалған" - , дейді ҚР грэпплинг қауымдастығының президенті Қанат Алин.

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 6-9 қыркүйек күндері Астанада тұңғыш рет грэпплингтен əлем чемпионаты өтеді. Оған 40-тан астам мемлекеттен 1200 күресші қатысады.

Соңғы жаңалықтар