Астанада газ құбырын тарту жұмыстары қай деңгейде

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 200 мың елордалық көгілдір отынның қызығын көреді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Газ желілері түгел тартылған және қосылу мүмкіндігі бар тұрғын үй алаптарына Көктал-1, Көктал-2, Агрогородок, Теміржолшылар, Промышленный, Оңтүстік Шығыс алабының оң және сол жағы, Күйгенжар, Ақбидай, Қазақ ауылы, Московская, Потанин көшесі бойындағы үш шағын аудан кіреді. Қазіргі уақытта газға қосылу мүмкіндігі бар абоненттердің саны 14 мыңға жетті. Оларда 200 мың адам тұрады. Газға қосылған абоненттердің саны 5 мыңға таяды», - деді ол елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жеке сектормен қатар ЖЭО-1, ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті газға ауыстырып жатыр.

«Қазіргі уақытта ЖЭО-2-де бұл жұмыс аяқталып, орталық газбен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. ЖЭО-1-дегі 10 қазандықтың 7-еуі газға қосылды. Қалған 3 қазандықта құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтап жатырмыз. Келесі жылыту маусымына дейін бұл қазандықтар толығымен газға көшіріледі, яғни орталықты газға көшіру жұмысы аяқталады. Келешекте іске қосылатын ЖЭО-3 жобасына қажетті өзгеріс енгізілді. Ол газбен жұмыс істейтін болады», - деді Мақсат Есмағұлов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, астанадағы тұрмысы төмен отбасылардың үйіне газ тартуға бөлінетін сома 2 есе ұлғайды, есептегіштер тегін беріледі.


Соңғы жаңалықтар