Астанада футболдан Қазақстан кубогының жеребесі тартылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 18 ақпанда футболдан Қазақстан кубогының алғашқы іріктеу кезеңінің жеребесі тартылады. Оған қатысатын командалар саны толықтай белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан кәсіпқой футбол лигасына сілтеме жасап.

Жеребе тарту рәсімі Астана уақытымен 15.00-де басталады. Аталмыш шара барысы ПФЛК-ТВ арқылы тікелей эфирде өткізіледі.

Айта кетелік, алғашқы кезеңде бірінші лигада ойнайтын «Академия Оңтүстік», «Ақжайык» (Орал), «Алтай» (Семей), «Каспий» (Ақтау), «Қызылжар СК» (Петропавл), «Қыран» (Шымкент), «Мақтарал» (Түркістан облысы) және «Екібастұз» командалары қатысады. Сондай-ақ, олардың қатарына екінші лигадан «Ақсу», «Арыс» (Түркістан облысы), «Рузаевка» (Солтүстік Қазақстан облысы) және СДЮСШОР №8 (Астана қаласы) және «Игілік» (Қаратау) , «Дидар Сыдықбектің футбол орталығы» (Астана) сынды әуесқой командалар қосылады.

Жеребе тарту рәсімінде аталмыш 12 команда үш-үштен төрт топқа бөлінеді. Әр топтан үздік шыққан командалар жарыстың 1/8 финалдық сатысына жолдама алады. Бұл кезеңде олармен бірге Премьер-лига командалары да бақ сынайды.

Қазақстан кубогының алғашқы кезеңі 19-27 наурыз күндері Шымкент қаласы мен Түркістан облысында өткізіледі.

Бұдан бұрын Қазақстанда футбол жанкүйерлеріне арналған мобильдік қосымша жасалғанын хабарлаған едік .

Соңғы жаңалықтар