АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы бизнес объектілерді тексеру нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес келмейтін 4 195 дерек анықталды. Бұл туралы коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Еркін Отарғалымұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өрт қауіпсіздігі желісі бойынша 1 069 тексеру жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес келмейтін 4 195 дерек анықталды. Оларға жол берген 352 адам, оның ішінде 188-і 15 млн 782 мың теңгеден астам сомаға айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мемлекеттік өрт бақылау органдарының заңды талаптарын орындамаған субъектілерге қатысты Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 47 әкімшілік іс берілді», - деп тоқталды Еркін Отарғалымұлы.
Оның айтуынша, бизнес объектілерінде анықталған негізгі олқылықтар - эвакуация жолдарының дұрыс ұйымдастырылмауы, электр желілеріндегі ақау, өртке қарсы сумен жабдықтау жүйелерін күтіп ұстамау.