Астанада еуропалық деңгейдегі гастрономиялық базар салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада еуропалық деңгейдегі гастрономиялық базар салынады. Оның ерекшелігі органикалық, фермерлік өнімдерге басымдық берілуінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, базардың ішкі жағы стандартты базарлардан ерекшеленеді. Онымен қоса, сатушылар мен қызмет көрсетуші персоналдың бірыңғай формасы, ғимараттың өз зертханасы, сатылатын өнімге қойылатын бірыңғай СЭС стандарттары болады. Онда тек сапалы әрі таңдаулы өнімдер ұсынылмақ.

Бірінші қабатта фермерлік базар, наубайхана, дүңгіршектер, 7 кинозал орналасады. Екінші қабатта фастфуд, техника және электроника дүкендері, қызметтік және қойма бөлмелері болатыны жоспарлануда. Бұндай базарлар Лондон, Амстердам, Лиссабон, Барселона, Москва, Одесса сияқты бірқатар еуропалық қалаларда өте көп.

«Органикалық, фермерлік өнімдердің басым болуы, тұтынушылардың өнімді бірден өндірушілерден алуы базардың басты ерекшелігі. Сонымен қатар, базар аумағында үнемі әлеуметтік жәрмеңкелер, жергілікті шаруа қожалықтары мен фермерлердің қатысуымен өтетін фестивальдер ұйымдастыру көзделеді. Жобаны жүзеге асыру арқылы шамамен 1500 жұмыс орны пайда болады», - деп атап өтті «Астана» ӘКК-ден.

«Гастрономиялық базар» Бейсекова және Ш.Қосшығұлұлы көшелерінің қиылысында салынады. Құрылысы 2019 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар