Астанада Еуразиялық бәсеке желісін құру көзделеді - Үкімет отырысы

None
None
АСТАНА. 1 шілде. ҚазАқпарат - Астанада Еуразиялық бәсеке желісін құру көзделеді. Бүгін тауар нарықтарында бәсекелестікті қорғау жүйесін жетілдіру мәселесі талқыланған Үкімет отырысында Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Болатбек Қуандықов осылай мәлім етті.

Агенттік төрағасы баяндама барысында интеграциялық үдерістердің күшеюіне байланысты монополияға қарсы заңнаманың бұзылуын болдырмау үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайту арқылы монополияға қарсы реттеуді жаңа деңгейге көтеруді ұсынады. Бұл ретте ТМД елдерінің Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңесіне және Халықаралық бәсеке желісіне мүшелік ету көзделеді.

«Бұдан бөлек, Басқармасы мен Хатшылығын Астана қаласында орналастыра отырып, Еуразиялық бәсеке желісін құру қарастырылады. Аталған бастама бұған дейін 6-шы Астана экономикалық форумының шеңберінде де талқыланған болатын. Бұны басқа елдерден келген әріптестеріміз де қолдаған еді», - деді Б. Қуандықов.

Оның сөзіне қарағанда, бірлестіктің басты міндеттері аясында қатысушы елдердің монополияға қарсы органдарының келісілген іс-әрекеттерін ұйымдастыру, сондай-ақ тауар нарықтарына талдау жүргізу әдіснамасын әзірлеу қарастырылады. Озық халықаралық тәжірибе негізінде өңірдің монополияға қарсы қызметтерін жетілдіру көзделеді. Нәтижесінде тең құқылы және өзара пайдалы ынтымақтастық дами түседі деп болжанып отыр.

Соңғы жаңалықтар