Астанада ең үздік архитектуралық жобалар байқауы өтіп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада BI GROUP ARCHITECTAWARDS бірінші халықаралық сәулет байқауының финалы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі сайыста Ресей, Украина, Литва және Қазақстаннан келген 20 жас сәулетші өз жобаларын қорғап жатыр. Олар конкурсқа қатысуға ниет білдірген 300-ге жуық адам арасынан іріктеліп шыққан.

«Финалистер Қазақстанның түрлі қалалары үшін мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру және спорт салалары бойынша дайын шешімдер ұсынуы тиіс. Олардың арасында концерт залдары, музейлер, сауықтыру орталықтары, мектептер, колледждер, студенттік қалашықтар, спорттық орталықтар, бассейн мен яхта клуб жобалары бар. Байқау қатысушылары нысанның бас жоспары мен дизайнын ғана емес, олардың құрылысына қажетті талдау мен орналасатын жеріне дейінгі ақпаратты нақты көрсеткен. Одан бөлек, конкурс талаптарының бірі инновациялық материалдар мен технологияларды пайдалану болды.

«BI Group» компаниясы қазіргі экономика мен қоғам өміріне сай келетін жаңа өнімдерді анықтауды қалайды. Қатысушылар да жан-жақты. Ең бастысы, біз жаңа идеяларды, жас сәулетшілердің мүмкіндіктері мен қалаларды қалай дамытуға болатынын көріп отырмыз. Қызықты ұсыныстар да жоқ емес. Әйтсе де, жарыстың аты - жарыс. Мұнда әрбір сәулетші жобаның сәулетін ғана емес, бүкіл философиясын ойластырады. (...) Бәсекелестік арқылы өте жақсы архитектура пайда болуы мүмкін», - деді қазылар алқасының мүшесі, Қазақстан Республикасы сәулетшілер одағының президенті Ақмырза Рүстембеков.

Байқау жеңімпазына 15 мың долларға ақшалай сертификат, BI Group құрылыс холдингінің жобаға тапсырысын және Еуропаның жетекші оқу орындарының бірінде профильді курстардан өтуге жолдама алады.

ІІ орын үшін 10 мың доллар ақшалай сертификат және BI Group құрылыс холдингінің жобаға тапсырысы қарастырылған. Ал ІІІ орын иегері 5 мың долларға ақшалай сертификат алады.

Соңғы жаңалықтар