Астанада ЭКСПО көрмесінің ғимараты опырылып түсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада салынып жатқан ЭКСПО-2017 көрмесінің үлкен ғимараты қақ ортасынан опырылып түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төтенше жағдайды ЭКСПО аумағындағы құрылысшылар видеоға түсіріп, желіге жүктеген. 

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің жетекшісі Сергей Куянов телефон арқылы ҚазАқпарат тілшісіне бүгінгі апаттың мән-жайын айтып берді.

«Оқиға түсте болды. Зардап шеккендер жоқ. Құлаған ғимарат  - екі павильонның арасын жалғап тұрған декоративті конструкция еді. Мердігер - BI Group компаниясы.  Бүкіл шығынды есептейтін, құлаған жердің көлемін есептейтін де сол компания. Екінші жағында тұрған екінші конструкция құлай ма, жоқ па оны сол мердігер келіп көреді. Зардап шеккендер жоқ. Жедел жәрдем келіп кетті,келу - олардың міндеті», - деді С.Куянов.
null

BI Group компаниясы компаниясы бүгін ЭКСПО көрмесінің аумағында құлаған конструкцияға қатысты түсініктеме берді.

«2016 жылдың 16 қарашасы күні шамамен түскі сағат 13.10 кезінде Астана EXPO-2017 көрмесінің құрылыс жобасында декоративті көпір конструкциясы ішінара құлады. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Апаттың себеп-салдары анықталып жатыр. Ішкі тергеу жұмыстары басталды. Жобаның бас мердігері - BI Group холдингісінің еншілес кәсіпорны. Жобаның жетекшісі Абрагим Жакеевтің айтуынша, бұл - тек декоративті сипаттағы конструкция»,-деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне компанияның баспасөз қызметі.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі құрылыс аумағында декоративті конструкция құлаған кезде, адамдар зардап шекті деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Бүгін, сағат 13.30-да Халықаралық мамандандырылған көрме территориясында С1 мен С2 павильондары арасындағы декоративті көпір ретінде салынған құрылым құлады. Айта кету керек, бұл құрылым тек декоративті болып табылады әрі оның ешқандай функционалдық қызметі жоқ. Жанындағы павильондарға зиян келтірген жоқ»,-деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Дереккөз желіде құрылысшылар зардап шекті деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Зардап шеккендер туралы ақпарат жалған. Нысанның мердігері BI Group компаниясы құрылымды қалпына келтіру бойынша жұмыстарды атқаратын болады»,-деп хабарлады компания.

Ал Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісіне бүгін Астана Экспо-2017 көрмесінің аумағында декоративті конструкция құлаған кезде бір адамның зардап шеккенін хабарлады.

«26 жастағы ер адам, Қазақстан Республикасының азаматы тізе жарақатына байланысты №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Жедел жәрдем дәрігерлерінің айтуынша, бірнеше құрылысшы құлаған нысанға жақын жерде тұрған, сондықтан, конструкция құлаған кезде қашып үлгермеген. Құлаған констуркцияның бір бөлшегі оған тиіп, ол тізесін жаралап алған»,-деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
null  

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Астана ЭКСПО-2017 ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов алғашқы төрт елге павильондарын тапсырған еді. Видеода құлаған ғимарат ішінде де  әр түрлі елдердің павильондары орналасу керек болатын.

Соңғы жаңалықтар