Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесінің қорытынды манифесі әзірленді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ЭКСПО көрмесі аясында өткен «Болашақтың энергиясы» форумының 12-сессиясында «ЭКСПО-2017-нің қағидалары мен құндылықтары манифесі» атты қорытынды құжат ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Айта кетейік, 29 маусым күні Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі аясында «Болашақ энергиясы» форумы басталды. Форум жаһандық энергетикалық мәселелер мен сын-қатерлерге арналған 12 тақырыптық бағыт бойынша өтті. Айтулы шараға белгілі саясаткерлер, есімдері әлемге әйгілі ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары, инвесторлар, халықаралық ұйымдар мен бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.

Форумның қорытынды құжаты болып табылатын бұл Манифесте баламалы энергия көздерін тиімді енгізу және дамыту, тәжірибе алмасу бағытындағы деректер қамтылған. Манифесті әзірлеуге Халықаралық басқару комитеті өлшеусіз үлес қосты. Комитет құрамында энергетика және климаттың өзгеруімен күрес мәселелері бойынша қазақстандық және халықаралық сарапшылар, саяси және ғылыми сала өкілдері бар.

Бүгін Халықаралық басқару комитетінің өкілдері Клаус Тепфер (IASS тұрақтылықты зерттеу институтының негізін қалаушы директор) мен Раджендра Пачаури (тұрақты даму бойынша бүкіләлемдік форум президенті) «Астана ЭКСПО-2017» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовке Қағидалар мен құндылықтар манифесі жобасын ұсынды.

«Манифест маусым айынның соңынан бері әзірленіп келді. Осылайша, ЭКСПО мен форумның барлық нәтижелерін бір құжатқа біріктіреміз. Мұнда «Орнықты болашақты қалай құрамыз?», «Қоршаған орта мәселелеріне деген көзқарасты қалай өзгертеміз?» және өзге де жаһандық энергетика мәселелеріне қатысты өз пікірлерімізді жаздық. Шын мәнінде, біздегі энергетика ресурстары шектеулі және Париж келісімі бойынша жаңа міндеттемелеріміз бар. Сондықтан, халықаралық күш-жігерді талап ететін мәселелерді шешуіміз қажет. Осы орайда Қазақстан мен өзге мемлекеттердің Манифеске үн қатып, энергия институтын немесе жасыл даму қорын құрып, белсенділік танытады деп үміттенеміз. Бұл әрине, қызығушылық танытып, бастамаға қолдау білдіретін адамдарға тікелей байланысты. Түптеп келгенде, барлығы өзімізге байланысты», - дейді Манифест әзірлеушілерінің бірі, Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Смут.

Д.Смуттың айтуынша, Манифест әзірге қабылданған жоқ. Алдағы үш апта бойы бұл құжат әлемдік қауымдастық шеңберінде талқыланады.

Соңғы жаңалықтар