Астанада екі күнде 2 мыңға жуық жол ережесін бұзу фактілері анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана полицейлері жол ережесін бұзу фактілерінің алдын алу үшін «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасын өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараның мақсаты - көлік жүргізушілері арасында көлік тәртібін арттыру, жол-көлік оқиғаларының санын азайту, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын-алу. «Қауіпсіз жол» іс-шарасы аясында полицейлер жол-көлік оқиғаларының өсуіне әсер ететін жол тәртібін өрескел бұзу оқиғаларын анықтауға және жолын кесуге бағытталған бірқатар рейдтік және алдын-алу іс-шараларын жүргізді. Полиция қызметкерлері мас күйінше көлік басқару, қарсы жолаққа шығу, маневр жасау, жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің өту ережелеріне қатысты заңбұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге ерекше көңіл бөледі.

Іс-шараның 2 күндік қорытындысы бойынша 1900-ге жуық жол ережесін бұзу фактілері анықталды. Оның ішінде 1200-ге жуығы - көлiк жүргiзушiлерінiң белгiленген жылдамдықты арттыруы, 60-қа жуығы - қауіпсіздік белбеуін тақпау, 50-ге жуығы - көлiк жүргізу кезiнде жүргiзушiнiң телефон не радиостанцияны пайдалануы, 120-дан астамы - жаяу жүргiншiлердiң және өзге де қатысушылардың қағидаларын бұзуы.

Соңғы жаңалықтар