Астанада дзюдодан Қазақстанның жекелей чемпионаты мәреге жетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Астанада дзюдодан Қазақстанның жекелей чемпионаты мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан дзюдо федерациясынан мәлім еткеніндей, үш күнге созылған ел біріншілігіне Қазақстанның 14 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 437 дзюдошы қатысып, бақ сынады.

Жарыстың соңғы күнінде бес салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды.

Әйелдер арасында 78 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жүрген Алматы қаласының өкілі Зарина Райфова өзінің мықты екендігін дәлелдеді. Шығысқазақстандық Назерке Тілеуханова екінші, қостанайлық Маргарита Гриценко мен атыраулық Эльмира Самиғоллаева үшінші орынға ие болды.

78 келіден жоғары салмақта ақмолалық Камила Берліқаш үздік шықты. Атыраулық Саида Қапсалықова екінші, қос қызылордалық ару Меруерт Әбубәкір мен Қымбат Тұршабек үшінші орынға көтерілді.

Ерлер арасында 90 келіге дейінгі салмақта финалда Гран-при кезеңінің жеңімпазы, қарағандылық Ислам Бозбаевты ұтқан жамбылдық Азиз Қалқаманұлы жеңімпаз атанды. Шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаров пен қарағандылық Рега Палкин қола жүлдені қанағат тұтты.


100 келіге дейінгі салмақта алматылық Виктор Демьяненко топ жарды. Одан жеңілген қызылордалық Әділхан Қозыбаев күміс жүлдені еншіледі. Атыраулық Арман Қалиев пен тағы бір қызылордалық Айбек Серікбаев үшінші орынмен шектелді.

Аса ауыр салмақта (+100 кг) қазақ күресінен биылғы «Қазақстан барысы» турнирінің финалисі, жуырда Ташкентте Гран-при кезеңінің қола жүлдегері атанған шығысқазақстандық Ерасыл Қажыбаев ешкімге жеңістік бермеді. Қазақ күресінен 2017 жылғы «Қазақстан барысының» жеңімпазы, қызылордалық Еламан Ерғалиев екінші, батысқазақстандық Темірлан Көлбай мен шығысқазақстандық Әділ Оразбаев үшінші орынға ілікті.

Батыс Қазақстан облысынан осыған дейін 73 кг салмақта 20 жасар Аңсарбек Ғайнуллин күміс жүлдегер атанған болатын. Ересектер арасында алғаш рет сынға түскеніне қарамастан, Аңсарбек (бапкері Талғат Балмағамбетов) жартылай финалда Рио Олимпиадасына қатысушы, әлемдік Гран-при кезеңінің жеңімпазы, қарағандылық Жансай Смағұловты жеңді. 100 келіден жоғары салмақта қола жүлдегер атанған Темірлан Көлбай Ақсай қаласында Қасым Қаженовтің қол астында жаттығады.

16 қараша күні дзюдодан Қазақстан чемпионатының командалық сайыстары өтеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын екінші жарыс күнінде бес салмақ дәрежесі бойынша ҚР чемпиондары анықталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар