Астанада драма театрлардың республикалық фестивалі басталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада еліміздің драма театрларының XХVIII республикалық фестивалі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл театр фестивалі көрнекті театр және кино актрисасы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО халық әртісі Шолпан Жандарбекованың 100 жылдық мерейтойына арналып отыр.

«Шолпан Жандарбекова ұлттық театр және кино өнері тарихында өшпес із қалдырған ерекше тұлға. «Абай жолы», «Дала үні», «Махаббат туралы поэма» және басқа да фильмдерде ойнаған. Сондай-ақ театр сахнасында 200-ден астам образды сомдаған әртіс. Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында ұстаздық етіп, әртістердің алып шоғырын тәрбиелеп шығарды», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев фестивальдің ашылу салтанатында.


Бүгін басталған фестивальге ел өңірлерінен 10 драма театр қатысып жатыр. М әдени шара 23 қазанға дейін жалғасады.

«Бүгінгі фестиваль еліміздегі ең ауқымды мәдени жобалардың бірі. Талай талантқа тұғыр болған осынау театр жәрмеңкесін көрермендер асыға күтеді. Жас режиссерлер мен актерлер кәсіби шыңдалып, ал аға буын өз тәжірибесін ортаға салатын фестиваль. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Шығармашылықты шыңдап, ой, тәжірибе алмасатын айтулы театр фестивалі мерекесін ашық деп жариялаймын. Сүйікті көрерменді сахна сиқырына бөлей беріңіздер», - деді министр.

Сондай-ақ аталған шара аясында Шолпан Жандарбекованың шығармашылығына арналған дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылып, өнер жұлдызының өмірінен сыр шертетін Ерғазы Төлеудің «Шолпан жұлдыз» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Салтанатты кеш соңында жиналған қауым Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Алтайдан ауған ел» атты қойылымын тамашалады.






Соңғы жаңалықтар