Астанада «Дос-Мұқасан» фильмінің премьерасы өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жылдың ең көп күткен кинотуындысы – «Дос Мұқасан» фильмінің жабық премьерасы өтті. Аты аңызға айналған музыкалық ансамбль туралы көркем драма 29 қыркүйекте Қазақстан бойынша прокатқа шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фильмді Ефрат Шәріповтің сценарийі бойынша «Aray Media Group» студиясы түсірген.

Картинаның продюсері Айгүл Байбек, ал музыкалық драманың режиссері - Айдын Сахаман. Киножоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық кинематографияны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Фильмнің бас продюсері Айгүл Байбектің айтуынша, «Дос-Мұқасан» вокалды-аспаптық ансамблі – біздің мақтанышымыз.

«Олар жайлы фильм түсіру - біз үшін үлкен мәртебе. Бұл менің бас продюсер ретіндегі алғашқы толықметражды көркем фильмім. Кәсіби музыкант ретінде мен үшін аты аңызға айналған ансамбльдің негізін қалаушылармен бірге құрылу тарихын зерттеп, жеке араласу, өнердің ең нәзік бағыты - музыка жайлы фильм түсіру қызық болды. Біз фильм сюжетіне өзек болған «Дос Мұқасанның» шынайы тарихын жеткізуге, сол кездегі музыкалық рухтың ерекше атмосферасын жасауға тырыстық», - дейді ол.

Фильм режиссері Айдын Сахаман фильмге тартылған актерлердің кәсібилігі, музыкалық алғырлығы, харизмасының маңызы аз еместігін айтады.

«Жас әртістеріміздің актерлік шеберлігі барлық жас санаты үшін қызықты картина жасауға мүмкіндік берді. Ересек ұрпақ үшін бұл жастық атмосферасын сезіну мүмкіндігі, ал жас ұрпақ вокалды-аспаптық ансамбльдің тарихымен танысуға мүмкіндік алады», - деп атап өтті Айдын Сахаман.

Байопикті сенімді түрде бейімдеу және оған қазақ рокының негізін қалаушылардың қайталанбас тартымдылығын беру үшін бас кеңесші ретінде вокалды-аспаптық ансамбльдің негізін салушылар Мұрат Құсайынов пен Досым Сүлеев шақырылды.

Фильмнің актерлік құрамы портреттік ұқсастық бойынша таңдалды.

Басты рөлдерді актер Мейірғат Амангелдин, Мақсат Сәбитов, Елдос Шайкенов, Саят Мақұлбаев, Айғаным Сағынбаева, Никита Погодаев, Нұрғиса Қуанышбайұлы және Әбілмансұр Серіков сомдады.

Танымал блогерлер мен вайнерлер Артур Асқарұлы мен Зухра Сайпи де фильмде дебют жасады.

«Авторлар ең бастысы, біздің музыкаға деген сүйіспеншілігімізді, көңіл-күйімізді, сол кездегі атмосфераны жеткізе алды. Ұзақ жылдар бойы кадр сыртында, сахна артында қалғаны – жолымыздағы қиындықтар мен интригалар, кеңестік идеологияға қайшы келетін өз стилімізді сақтаудағы қиындықтар, ұжым ішіндегі қарым-қатынастар мен реніштер толығымен дерлік бұрмаланбай көрсетілді» – дейді ансамбльдің негізін қалаушы Досым Сүлеев.


Соңғы жаңалықтар