Астанада Домбыра party маусымы ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәстүрге айналған домбырашылар кеші Астанада өз көрермендерін қайта жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Домбыра-party Астанада 2012 жылдан бастап тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан ұлттық қозғалыс. Ұйымдастырушылардың мақсаты домбыра тартып, ән айтуды сәнге айналдыра отырып ұлттық өнерді дәріптеу. Домбыра party флеш-мобы бүгінде Қазақстанның барлық өңірінде тұрақты өткізіледі. Қозғалыстың ешқандай саяси астары жоқ. Шарада тек домбырашылар ғана емес, ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен әндер шырқалады.



Астана тұрғындары мен қала қонақтарының көзайымына айналған Домбыра-party биыл да бейсенбінің кешінде Нұржол желек жолында 6-шы рет шымылдғынын ашты. Аталған флеш-моб қозғалысына кез-келген домбыра тарта алатын адам қатыса алады.



«Біздің мақсатымыз бүгінгі қоғамда домбыраны қайта жаңғырту. Алғаш ұйымдастырғаннан халық жылы ықыласпен қарсы алды. 2013 жылы Шымкентте блогерлердің құрылтайында арнайы таныстырылып, кейін өңірлерде жалғасын тапты. Содан бастап Қазақстанның 30-шақты қала, аудан, ауылдарында жыл сайын тұрақты бейсенбі күні кешкілік уақыт ұйымдастырылып келеді. Кейін халықаралық деңгейге шықты алдымен Түркияның Измирінде, одан соң Қытай, Моңғолия, Ресей, Германия, Португалия, Англиядағы қазақ азаматтары қозғалысқа дем берді. Болашақта домбыра party-ды non stop түрінде өткізу ойымыз бар, ол үшін қазір демеушілер іздестірудеміз»,- деді қозғалыс авторы, ұйымдастырушы Маралбек Сағынғанов.



Домбыра party кешінің тұрақты көрермені, Мейрамхан Жәпек: «Ұлттық өнерді өркендетуге көңіл бөлетін өнерлі жастардың бары қуантады. Кезінде кішігірім ортамен бастау алған қозғалыс, бүгінде өзінің тұрақты көрермені бар үлкен жобаға айналды. Міне, кеше ғана Елбасы ұлттық домбыра күнін атап өту туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл дегеніміз ұлттық өнермен сусындап қана қоймай, оны кеңінен дәріптеудің тағы бір мүмкіндігі туды деген сөз. Жобаның үлкен мегақозғалысқа айналуына тілектеспін»,- деген жылы лебізін білдірді.



Айта кетейік, ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы Жарлықпенен шілденің бірінші жексенбісін «Ұлттық домбыра» күні ретінде бекіткен болатын.







Соңғы жаңалықтар