Астанада денсаулық сақтау бойынша халықаралық үздік IT жобалар анықталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада 25-26 қазан аралығында денсаулық сақтауды дамыту мен сала бойынша цифрлық, инновациялық жобаларды таныстыратын «Astana Digital Health»  атты халықаралық IT көрме өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Astana Digital Health» көрмесі алғашқы медициналық-санитарлық көмектің цифрлық технологиясын трансформациялауға арналған жаңа және озық технологияларды көрсетуге тамаша мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шараға медицина саласындағы әлемнің жетекші ұйымдары мен денсаулық сақтау мамандары шақырылып отыр.

«Қазір өздеріңіз білетіндей, IT стартап жобалар арқылы көптеген жаңа дүниелер жүзеге асырылуда. Соған байланысты біз де сала мамандарының басын біріктіріп медицинаны одан әрі дамытуда қандай жоба, идеялары бар, соларды ортаға салып талқылауды жөн көрдік. Оның ішінде денсаулық сақтау саласын цифрландыруға көшіру мен оның медицинаға беретін маңызын анықтауды көздеп отырмыз. Яғни, цифрландыру, IT жобалардың денсаулық сақтау саласына қандай пайдасын тигізе алатынын саралап, үздік деп танылған жобаларды өз елімізде іске асырмапқпыз», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, IT көрмеде денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың көмегімен жасалған өнімдері мен қызметтері көрсетіледі.

Айтулы шараға әлемдегі IT саласы әлдеқайда көшілгері дамыған АҚШ, Корея секілді 10 елдің өкілдерінен құралған 200 команда қатысады, оның 15-і өз елімізден. Көрме соңында үздік стартап жобалар анықталып, 1 орынға 600 мың теңге, 2 орынға 400 мың теңге, 3 орынға 200 теңге көлемінде сыйақы табысталады.   

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен және аймақтық денсаулық сақтау орталықтары, ЮНИСЕФ және «A1» ЖШС көмегімен ұйымдастырылатын «Astana Digital Health»  халықаралық IT көрмесі елордадағы ҚР Ұлттық музейінде өтеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2019 жылдан бастап еліміздегі барлық денсаулық сақтау мекемелеріндегі қызмет көрсету қағазбастылықтан арылып толығымен электронды форматқа көшетін болады.

 

Соңғы жаңалықтар