Астанада Денис Тенмен қоштасу рәсімі өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең Астанадағы «Барыс-Арена» сарайында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенмен қоштасу рәсімі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

21 шілде күні таңғы 10-да «Барыс-Арена» спорт сарайында танымал мәнерлеп сырғанаушы, еңбек сіңірген спорт қайраткері, 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тенмен қоштасу рәсімі өтеді.  Оған спорт қауымдастығы өкілдері, бапкерлер мен қарапайым қала тұрғындары қатыса алады. Шара Алматыдағы жаназамен қатар өткізіледі», - делінген ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене тәрбиесі істері комитетінің ресми хабарламасында.

Айта кетейік, 21 шілде күні Алматыда Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу шарасы Балуан Шолақ спорт сарайында өтеді. 

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 

2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды. 

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Бүгін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады. Екінші күдікті - 1994 жылы туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновке іздеу жарияланды.

Соңғы жаңалықтар