Астанада демалуға арналған гамактар орнатылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - AstanaArtFest үшінші халықаралық заманауи өнер фестивалі аясында елорданың Нұрлы жол желекжолында халықтың демалуына арналған гамактар орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл қалалықтар үшін тамаша сый, себебі жасыл желекке оранған орындар өте аз. Желекжолдар халықтың тынығып алу үшін таптырмас орын», - деді фестиваль кураторы Яна Малиновская.

Суретшілер мен мүсіншілер ашық алаңдарға бірнеше жаңа туынды қойды. Олардың ішінде жапондық сәулетші Шино Шикито жасаған жылжымалы үстел, жартылай киіз үй секілді заманауи аялдамалар, балалар алаңқайы және жарық өтпелері бар.

Сондай-ақ, желекжол бойынша заманауи өмірдегі көшпенділердің образын көрсететін жұмыстар қойылған. Мәселен, күн мен жылқы суретшілердің металл және кинетикалық жұмыстарында көрініс тапқан. Дәл осы жерде әйел киімінен жасалған «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығының кішірейтілген үлгісін көруге болады.  Ол қазақтың ұлттық бас киімі сәукелені еске салады және әйелдің рөлі қалай өзгергенін айтып береді. Кейбір экспозициялар қоршаған ортаны пластикпен ластау мәселесін көтереді. Мысалы, жылдың төрт мезгілін көрсететін Сәуле Сүлейменованың жылжымалы конструкциядағы пейзажы пластикалық пакеттерден жасалған. Осылайша, суретші қазақ даласын пластик пакеттердің басып кетуі мүмкін екенін ескертеді.

Фестивальдің ресми ашылуы бүгін кешкі 20.00-де басталады. Онда көрермендер жарық және от шоуларын, хореографиялық нөмірлерді тамашалай алады. Қонақтар арасында ҚР танымал балет әртістері Досжан Табылды және Жандос Әубәкіров болады.

Соңғы жаңалықтар