Астанада дәстүрлі қару-жарақ тарихын зерттейтін жалғыз маманның көрмесі өтіп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық музейде тарих ғылымдарының кандидаты, қару зерттеуші-этнограф, суретші Қалиолла Ахметжанның «Қазақ батырларының қару-жарағы» көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалиолла Ахметжан – суретші және еліміздегі қазақтың дәстүрлі қару-жарақ тарихын зерттейтін жалғыз білікті маман. Ол көркем шығармашылықпен қатар, ғалым ретінде 45 жылдан астам уақыт қазақтың дәстүрлі қару-жарақтарын, Қазақстандағы көшпелі халықтардың қару-жарағын зерттеп келеді. Бұл тақырыпта оның 120-дан астам мақаласы мен 6 монографиясы жарық көрген.

«Қазақ даласын бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен сақтаған. Осындай өр рухты азаматтардың үлкен бір бағыты – қару-жарақ. Саналы ғұмырын қазақтың қару-жарағына арнаған ағамыздың бүгінгі көрмесіне қош келдіңіздер. Бұл көрме нағыз қазақтың тарихымен, қазақтың жанымен біте қайнасқан, сонау бабаларымыздың бай рухани кеңістігін, дала тарихын әспеттейтін орын деп білемін», - деді Мәдениет және спорт миинстрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиев көрменің ашылуында.

Қ. Ахметжан әр дәуірдегі көшпелі жауынгерлердің қару-жарақ жиынтығының көптеген ғылыми-графикалық реконструкцияларын жасады, сол үшін еліміздегі және шетелдегі ғылыми қоғамдастықтың жоғары бағасына ие болды.

«Осы саланы зерттеп жүргеніме 45 жылдан асты. Ең алдымен, ғылыми мақалалар жаздым, музейлерде, кітапханаларда отырдым, жазба деректерді ақтардым. Ауыз әдебиетті, бейнелеу ескерткіштерін зерттедім, соның негізінде мақалалар мен кітаптар шығардым. Содан кейін қаруларды суретпен бейнеледім. Оқырман немесе көрермен кітаптарды оқығанда кей нәрсені түсінбей қалуы мүмкін, өз мәдениетімізде де ұмытылған заттар бар. Сондықтан, заттық бейне – сол замандағы заттар қолданысын өте дәл көрнекті түрде көрсете алады», - деді Қалиолла Ахметжан.

Көрмеде бір кездері қазақтың атақты батырлары ұстаған, олардың ұрпақтары мен музейлер коллекцияларында сақталған ескерткіш бұйымдардың қалпына келтірілген көшірмелері де бар.

«Бұл жасалған заттардың ішінде қазақтың атақты батырлары ұстаған заттар бар. Бөгенбай батырдың дулығасы, Қабанбай батырдың шарайнасы мен пышағы, Жанқожа батырдың селебесі сынды киелі мұраға айналған мемориалды заттар. Олардың алғашқы қалпын жасап, жаңғыртып ұсынып отырмыз», - деді автор.

Сонымен бірге, көрмеде қазақ жауынгерлерінің шабуыл қаруларының және қорғаныс жарақтарының түрлері мен типтерінің реконструкциялары: ату және суық қарулар және олардың жабдықтары, жауынгерлік бас киімдері, сауыт-саймандары көрсетіледі.

Көрмені 12 маусымға дейін тамашалауға мүмкіндік бар.


Соңғы жаңалықтар