Астанада Бозоқ қалашығының 3D-моделі жасалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімдігі Бозоқ қалашығының 3D-моделін құру жобасын жүзеге асырады. Бұл туралы бүгін елорда әкімі Бақыт Сұлтанов Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына арналған іс-шарада мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазіргі буын өзінің ұлттық тарихын қабылдап, түсіну керектігін кеңінен атап өтті. Жас қала болғанына қарамастан, Астана Ұлы Жібек жолы дәстүрінің жанданған жарқын үлгісі болып отыр. Астана сайып келгенде тарихи аумақта орын тепкен. Себебі, дәл осы жерде Бозоқ қалашығының орны табылғанын баршаңыз білесіздер», - деді шаһар басшысы.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, әкімдік Бозоқ қалашығының тарихи маңызын таныту бағытында жұмысты ары қарай жалғастыратын болады.

«Біз толыққанды виртуалды шынайылық элементтерімен бірге Бозоқ қалашығының 3D-моделін жасауды көздеп отырмыз. Осылайша, Орталық Қазақстанда орта ғасырларда өмір сүрген халықтардың мәдениетін, олар қалдырған археологиялық мұраларды паш еткіміз келеді. Бұл бағыттағы жұмысымыз қызығушы кез келген адамға тарихи мұралармен танысуға мүмкіндік береді», - дейді ол.

Астана қаласының әкімдігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, 2020 жылға қарай мәдени-тарихи кешен құру жұмысын аяқтайды. Бұдан кейін Бозоқ халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу әрі ғылыми-әдістемелік орталыққа айналады.

«Астана Еуразия кіндігінде орналасқан. Осынау артықшылық - халықаралық қауымдастықтар мойындаған бекем алаңға, Шығыс пен Батыстың арасындағы көпірге айналуына мүмкіндік береді», - деді Бақыт Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар