Астанада бочча спортынан Қазақстан чемпионаты басталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елордада паралимпиадалық спорт түрі – бочча бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ірі спорт сайысының ашылуында сөз алған Сенат төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев елімізде инклюзивті спортты дамыту маңызды екенін атап өтті.

«Бүгін мұнда барша Қазақстаннан жас спортшылар, олардың ата-аналары, бапкерлері келіп отыр. Бүгін шынайы спорт мерекесі деп ауыз толтырып айта аламыз. Бұл шара елімізде инклюзивті, кедергісіз ортаны қалыптастыруға үлкен үлес қосады деп сенеміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, ерекше қажеттілігі бар балаларды қорғау, қолдау үшін көптеген іс-шаралар іске асып жатыр. Оның ішінде сапалы білім беру, медициналық қызмет, сондай-ақ спортпен айналысуға жағдай жасау бар. Әлі де атқарылатын шаруа аз емес. Бұл тұрғыдан алғанда инклюзивті спортты дамыту маңызды», - деді Мәулен Әшімбаев.


Ел чемпионатының ашылу салтанатына белгілі қоғам қайраткерлері, Қазақстандағы инклюзивті және бейімделген спортты қолдайтын ірі ұйым өкілдері қатысты.

Айта кетейік, бұл чемпионаттың маңызы зор. Өйткені, ұлттық құрама сапы осы бәсеке нәтижесі бойынша жаңартылып, кейін олар Паралимпиада және Азия параойындарында ел намысын қорғайды.

1-4 маусым аралығында өтетін чемпионатта еліміздің әр өңірінен келген 15 және одан жоғары жастағы 50-ге жуық спортшы бақ сынайды.



Соңғы жаңалықтар