Астанада бизнесті экологиялық, әлеуметтік стандарттарға бейімдеу мәселесі талқыланып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында ұйымдастырылып жатқан BUSINESS TECHNOLOGY EXPO 2023 атты халықаралық көрме аясында ESG-трансформация тақырыбына арналған «Жаңа Қазақстан» бизнес-форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форумға Ұлттық ESG клубына мүше жетекші кәсіпорын өкілдері, министрліктер мен комитет өкілдері қатысып, пікір алмасуға мүмкіндік алып отыр.

Гибридті форматта ұйымдастырылған форумға онлайн көрсетілім арқылы елдің бүкіл өңірінен қызығушылық танытқандар да қатысуда.

«Бұл алаң Қазақстан экономикасының көшін бастап тұрған 70-тен астам кәсіпорынның басын біріктіріп отыр. Былтыр Astana халықаралық қаржы орталығының алаңында құрылған болатынбыз. Бұл форум – осындай ауқымда өткізіп отырған тұңғыш шарамыз. Жаңа Қазақстанның бизнесі ESG форматта жұмыс істеуі керек. Кеше ғана Үкіметтің жаңартылған құрамы жасақталып бітті. Біз форум алаңын пайдаланып, жаңартылған үкіметтен бизнес не күтетінін айтқымыз келеді. Күн тәртібіне экологиялық, әлеуметтік сипаттағы, корпоративті бизнесті ашық жүргізу мәселесі шыққанын қалаймыз. Бұл месседж ең әуелі квазимемлекеттік сектор мен жергілікті әкімдіктерге жетсе дейміз», - деді Ұлттық ESG клубының төрағасы Айдар Қазыбаев.

Форумға ұсынылған тақырыптар сессия аясында талқыланбақ.

«Ең әуелі бизнес ESG стандарттарға (әлеуметтік, экологиялық, коропоративті ашықтық стандарттары – ред.) өтуі үшін мемлекет қандай жағдай жасау керек деген сауалға екі тарап болып жауап іздейміз. Одан кейінгі кезекте мәдениет, білім, денсаулық сақтау салаларын дамыту арқылы Жаңа Қазақстан халқын бақытты етудің тетіктері талқыланады. Сондай-ақ, бизнесті цифрландыру, ESG стандарттарға трансформациялау мәселесі талқыға түседі. Біздің клубқа екінші деңгейдегі банктердің бәрі, тау-кен саласындағы алпауыт кәсіпорындар, мұнай секторының жетекші ойыншылары, «Самұрық-Қазынаның» құрамындағы компаниялардың тең жартысы кіреді. Бір жылдың ішінде отандық бизнеске «жасыл» инвестицияның не екенін түсіндіре алдық деуге болады. «Отбасы банктің» жасыл ипотека ашқаны, Freedom Finance ұйымының Аралды құтқару қорымен бірге экологиялық сертификат мәселесін қолға алғаны соған мысал бола алады», - деді клуб төрағасы.


Соңғы жаңалықтар