Астанада бір күнде екі бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бір күнде астанада екі бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

5 қыркүйек күні сағат 13.20-да екі жасар бүлдіршін асүйде үстел үстінде ойнап жүріп, терезеге мініп кеткен. Анасы осы кезде сол бөлмеде болған.

Анасының айтуынша, ол баланы ұстап алайын деген, бірақ үлгермей қалған.

Ол москит торына бар салмағымен сүйеніп, 3 қабаттан терезеден құлап кеткен. Бұлдіршін түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.

Осы күні сағат 15.30-да 4 жасар бала анасымен бірге Рысқұлбеков көшесінде туыстарының үйінде қонақта болған.

Бала жатын бөлмеге ойнауға кетеді, ол бөлменің терезесі ашық қалған. Терезе алдына шығып, москит торына сүйенген бала 6 қабаттан құлап кеткен.

Кейін анасы ашық тұрған терезеден баласының жерде жатқанын көреді. Бала жансақтау бөліміне жеткізілді, бірақ оны аман алып қалу мүмкін болмады.

Полицейлердің айтуынша, жыл басынан бері 31 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен, соның төртеуі көз жұмды.

Тәртіп сақшылары ересектерден қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.

Балаларды ешбір жағдайда қараусыз қалдырмай, ашық тұрған терезенің қасында ойнауға рұқсат бермеу керек.

Москит торлары қауіпсіз көрінгенімен, бала оған сүйенгенде салмақты көтере алмайды. Терезеге арнайы құлып қондыру немесе тұтқасын алып тастау қажет.


Соңғы жаңалықтар