Астанада бір бағыттағы жаңа жол учаскелері ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы күндері Астанада бір бағыттағы жаңа жол учаскелері ашылады. Өзгерістер қаланың оң жағалауындағы екі көшенің бойында енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осылайша, бір бағыттағы қозғалыс Бұқарбай батыр көшесінің Жеңіс даңғылынан Әзербайжан Мәмбетов көшесіне дейінгі аралығында және Желтоқсан көшесінің Кенесары көшесінен Бұқарбай батыр көшесіне дейінгі аралығында енгізілмек. Өзгерістер 2018 жылдың 15 қарашасында, яғни бейсенбі күні күшіне енеді.

Бұл өзгерістер - қаладағы жол қозғалысын оңтайландыру жұмыстарының бір бөлігі. Ол жол желісіне түсетін жүктемені азайту үшін енгізіліп отыр.

Белгіленген учаскелерге бір бағыттағы қозғалысты енгізу автокөлік ағындарының үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ете отырып, қарсы ағынмен шиеленісу нүктелерін қысқарту арқасында жол-көлік оқиғаларының санын азайтады.

«Аталған учаскелерде қарама-қарсы бағыттағы көліктердің қатысуымен бірнеше рет жол-көлік оқиғасы орын алғанын айта кету қажет. Бұдан бөлек, аталған шаралар бұл көшелердің көлік ағынын өткізу қабілетін арттырады. Талдауларға сәйкес, бір бағыттағы қозғалыс осыдан бұрын енгізілген көшелердің өткізу қабілеті орта есеппен 30%-ға артқан» делінген хабарламада.

Сонымен қатар, бұл өзгеріс бір бағыттағы қозғалыс желісін қалыптастыра отырып, бұған дейін енгізілген бір бағыттағы қозғалыс учаскелерінің тиімділігін арттырады және №1 мектеп-лицейге жақын жолдарда көлік қозғалысы жүктемесін азайтады.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 27 қазанында тұрғындардың қатысуымен бір бағытта жол жүруді енгізу туралы қоғамдық тыңдау өткізілді. Қоғамдық тыңдау барысында Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының, Сарыарқа ауданы әкімшілігінің, Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының және «Астана ЛРТ» ЖШС өкілдері тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, аудан тұрғындарының пікірлері тыңдалып, барлық ұсыныстары ескерілді. 

Соңғы жаңалықтар