Астанада «Бәйтерек» монументі және «Ханшатыр» СОО ғимараттары қызыл түске боялды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін кешке елордадағы «Ханшатыр» сауда, ойын-сауық орталығы мен «Бәйтерек» монументі ғимараттарының сырты қызыл түске боялып жанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісі – Дүниежүзілік жұқтырылған иммун тапшылығының синодромынан (ЖИТС) қайтыс болғандарды еске алу күні.

Осы датаға орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» 11-20 мамыр аралығында қоғам назарын қауіпті індетке аударуға бағытталған көптеген іс-шара ұйымдастырады. Солардың бірі бүгін өтті. Түнгі уақытта «Ханшатыр» сауда, ойын-сауық орталығы мен «Бәйтерек» монументі ғимараттары қызыл түске боялып жанды. Қызыл түс – Адам иммун тапшылығының вирусымен (АИТВ) күресу символы – қызыл лентаны айшықтайды.


14-16 мамыр күндері «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ғимаратының сыртында ЖИТС құрбандарын еске алу күніне арналған видеороликтер үздіксіз көрсетіледі.

Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында АИТВ диагнозымен 1643 науқас диспансерлік есепте тұрады. 20 жылда 82 адам көз жұмды. Өлім-жітімнің азаюына антиретровирустық терапия септігін тигізуде. Сондай-ақ емделуге қолжетімділікті қамтамасыз ету соңғы 10 жылда ЖИТС-тен әлемдегі өлім-жітімді 47% азайтты.



«Аталмыш дерт өткен ғасырларда өлімге әкелетін сырқат болып саналатын еді. Қазіргі таңда АИТВ жұқпасы созылмалы ауру ретінде қаралады. Бұл пациенттің өмірін жылдарға және ондаған жылдарға созып, жанама әсері аз болатын тәжірибеге антиретровирусты терапияны, емдеудің жаңа дәрілік заттарын енгізумен байланысты болып отыр. Яғни қазір АИТВ жұқпасын жұқтырған адам уақытылы ем-домын үзбей қабылдап, дәрігердің айтқандарын орындаған жағдайда биологиялық қарттық жасына дейін өмір сүре алады», - деді баспасөз мәслихатында «ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» МКҚК директоры Сабит Абдраимов.

Дүниежүзілік ЖИТС құрбандарын еске алу күні алғаш рет 1983 жылы жарияланған. Бүгінде бұл датаға орай 115 елде түрлі шаралар қолға алынады.


Соңғы жаңалықтар