Астанада баспана кезегінде тұрғандар құжаттарын жаңартуы керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтарға 2019 жылдың 1 ақпаны мен 1 желтоқсаны аралығында тізімге сәйкес құжаттарын жаңарту қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің сайтына сілтеме жасап.

Тұрғындар құжаттарын Алматы ауданы Р. Қошқарбаев даңғылы 39 үйдегі (есігі М. Жұмабаев даңғылы бойында) орналасқан Астана қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ-не бекітілген кестеге сәйкес тапсыру қажет.

Толық ақпаратты мекеменің Zhilfond.kz сайтынан, Инстаграмдағы Zhilfond_astana, Фейсбуктегі КГУ Жилищный фонд г.Астаны парақшасынан алуға болады.

Құжаттарын жаңартуға қабылдау кестесіне сәйкес санаттар бойынша тұрғындар өтініш берген жылдарына сәйкес аталмыш мекемеге барады. Айталық, «Кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойныша 2006-2007 жылы өтініш беруші ақпан айында құжатын жаңартуы тиіс. Ал 2008-2009 жылы құжат бергендер аталмыш мекемеге наурыз айында келеді.

Санаттар ішінде: Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтары (ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілгендер, 1 және 2 топтағы мүгедектер; мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары және т.б); Мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар; Жалғыз тұрғын үйі ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар.

Жаңартуға қажеті құжаттар тізімі 1) өтініш; 2) өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке басын растайтын куәліктері; 3) өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің тұрғылықты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын мекенжай анықтамасы; 4) неке қию/некені бұзу, қайтыс болу, туу туралы куәліктері, некеде тұрмайтындығын растайтын нотариалды куәләндырылған өтініші; 5) өтініш беруші, онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінде Қазақстан Республикасы аумағында жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы анықтамасы; 6) өтініш берушіде және/немесе оның өтінішке енгізілген отбасы мүшелерінде жеке меншік құқығында тұрғын үйдегі үлесі болған кезде құқық белгілеуші құжаттардың көшірмелері; 7) өтініш берушінің ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67 бабында көрсетілген санатқа жататындығын растайтын құжат; 8) мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар жұмыс орнынан анықтамасын және кадр бөлімімен расталған еңбек кітапшасының көшірмесін ұсынады.

Соңғы жаңалықтар