Астанада балалар жазушыларына халықаралық «Дарабоз» сыйлығы табысталды (ФОТО)

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхадедиұлының қатысуымен балалар жазушылары арасында халықаралық «Дарабоз» сыйлығы иегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты.

Биылғы мерейтойлық Х «Дарабоз» бәйгесінде бақ сынаған 500-ден астам шығарманың ішінен жеті автордың жазғандары үздік деп танылды.

Бірінші дәрежелі лауреаттар ретінде «Сиқырлы кітап» шығармасының авторы Қайырбек Шағыр Семейғазыұлы мен «Истории из детства» шығармасының авторы Дәрия Жұмагелдинова аталса, екінші орынды «Саяқ» шығармасының авторы Мейіржан Жылқыбай мен «Сказка о поющем бархане» шығармасын жазған Елена Клепикова алды. Ал үшінші орынға Әділбек Ыбырайымұлы («Мәңгілік формуласы») мен Гүлсім Назарбаева («Маленький мужчина») табан тіреді.

Сонымен қатар «Дарабоз» сыйлығының биылғы мерейтойлық салтанаты жаңа «Балалар әдебиетін дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы жүлдесінің бекітілуімен ерекшеленді. Аталмыш сыйлық қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы, әйгілі ақын және балалар жазушысы, Қазақстан Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевқа берілді.

«Бүгінгі шара осымен оныншы рет ұйымдастырылып отыр, сондықтан бұл өте қуанарлық жағдай. Шынында бізге балалар әдебиетін жан-жақты дамыту қажет. Сондықтан осындай сыйлықтар балалар тақырыбына қалам тербеген әрбір жазушыға берілген кезде, олардың шығармашылық шабыты да шарықтай түсетіні анық. Оның үстіне, өздеріңіз көріп отырсыздар, бүгінгі үздіктер қатарында тәжірибелі жазушылармен қатар, жас таланттар да бар екені қуантады», - деді А.Мұхамедиұлы.

Айта кетейік, жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен қатар, еліміздегі алдыңғы қатарлы баспалармен келісімшартқа отыру мүмкіндігіне ие болды. Конкурс қорытындысы бойынша төрт кітап пен бір жинақ басылып шығып, олар республика мектептеріне тегін таратылады.

Соңғы жаңалықтар