Астанада балалар үшін бірегей этно-аттракциондар ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесі аясында өтетін мерекелік шараның бағдарламасы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының хабарлауынша, жамбы атудан өтетін «Алтын жебе» І Әлем чемпионатынан өзге бұл күндері тағы да көптеген қызықты шаралар өтеді.

Атап айтқанда, аталмыш мереке өтетін «Хан шатыр» кешенінің маңында ауқымды этно-қалашық бой көтереді. Балалар үшін бірегей этно-аттракциондар ашылады. Ұлттық салт-дәстүр мен кітап көрмелері өтеді. Ақындар айтысы ұйымдастырылады. Балалар мен ересектерге арналған аударыспақ, садақ ату, арқан тарту, асық ату сияқты көптеген ұлттық ойын қатысушыларына марапаттар мен жүлделі сыйлықтар табыс етіледі.

Қазақ күресінің боз кілемі төселіп, атақты балуандар шеберлік сабақтарын өткізеді. Сондай-ақ, осы күндері этно-қалашыққа келген бүлдіршіндерге алтыбақан тебу, пони аттарға мініп серуендеу сияқты қызықтар тегін көрсетіледі.

«Nur-Sultan Ethno Fest» фестивалінің ресми ашылуы 31 мамырда сағат 19.00-де өтеді.

Сондай-ақ, этнофестивальда балаларға арналған этноаймақ болады. Онда балалардың киіз үйлері, қуыршақ театрының қойылымы, этноаттракциондар (бала алтыбақан, құрық тастау, жамбы ату), бала күрес, аударыспақ, асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, ләңгі, қаппен секіруден сайыс өткізіліп, мінуге аттар беріледі.

Бұқаралық этно-мәдени-спорттық шаралар қатарында киіз үй қалашығы, алтыбақан, найза лақтыру, арқан тартыс, қол күрес (армрестлинг), таяқ тартыс (масрестлинг), дәстүрлі садақ ату, серке көтеру, асық ату, тоғызқұмалақ, айтыс, рекордшылар алаңы, этноцирк, қазақ батырлары бар.

Этножәрмеңке барысында шеберлер ауылы ұйымдастырылып, онда қолөнер бұйымдары саудаланады. Ұлттық аспаптар, кітап көрмесі, тарихи-этникалық жәдігерлер, этнобазар, төрт түлік (жылқы, түйе, қой), сәйгүліктер, бүркіт, қаршыға, ителгі, тазы ит көрмесі өткізіледі.

Сонымен қатар қамшыгерлік, тезге салу, қолқа салу, тығырыққа тіреу, арқан өру, қамшы өру, шаңырақ көтеру секілді салт-дәстүрлер көрсетіледі.

Шараның бағдарламасы:

30 МАМЫР, БЕЙСЕНБІ. ЖАҢҒЫРУ КҮНІ

10:00 - 22:00 «Khan Shatyr» кешенінің маңы. Этноқалашықтың құрылуы

31 МАМЫР, ЖҰМА. ФЕСТИВАЛЬДІҢ І КҮНІ

10:00 - 13:00 Этноспорттық ойындар көрінісі (көкпар, аударыспақ, теңге ілу, дәстүрлі садақ ату, қамшыгерлік)

14:00 - 18:30 «Алтын жебе» І Әлем чемпионаты. Ат үстінде садақ ату. Оқу-жаттығу кезеңі. Жеребе тарту рәсімі

19:00 - 20:30 «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесінің салтанатты ашылу рәсімі. Концерт

21:00 - 22:00 Мерекелік дастархан. Ауызашар

1 МАУСЫМ, СЕНБІ. ФЕСТИВАЛЬДІҢ ІІ КҮНІ

10:00 - 14:00 «Алтын жебе» І Әлем чемпионаты. Азия стилі

14:00 - 16:00 Күй cайыс. Айтыс.

16:00 - 18:00 Этноспорттық ойындар көрінісі (көкпар, аударыспақ, теңге ілу, дәстүрлі садақ ату, қамшыгерлік)

18:00 - 20:30 «Балдәурен» балаларға арналған мерекелік концерт

21:00 - 22:00 Мерекелік дастархан. Ауызашар

2 МАУСЫМ, ЖЕКСЕНБІ. ФЕСТИВАЛЬДІҢ ІІІ КҮНІ

10:00 - 14:00 «Алтын жебе» І Әлем чемпионаты. Түрік стилі

14:00 - 15:30 Этноспорттық ойындар көрінісі (көкпар, аударыспақ, теңге ілу, дәстүрлі садақ ату, қамшыгерлік)

15:30 - 18:30 «Алтын жебе» І Әлем чемпионаты. Қазақ стилі

19:00 - 20:30 «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесінің салтанатты жабылуы. «Алтын жебе» І Әлем чемпионаты жеңімпаздарын марапаттау рәсімі. Концерт

21:00 - 22:00 Мерекелік дастархан. Ауызашар

Соңғы жаңалықтар