Астанада бала ұрған тәрбиеші 45 мың теңге айыппұл төлейтін болды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы жекеменшік балабақша тәрбиешісі балаға жеңіл дене жарақатын келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы сотына сілтеме жасап.

«Биыл 7 маусымда елордада жеке балабақшаның тәрбиешісі баланы ұрған (жеңіл дене жарақатын алды). Болған жайтқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, тәрбиешінің іс-әрекетіне Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 73-1-бабының 1-бөлігі бойынша «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» деген құқықтық баға берілді. Сот отырысы барысында айыпты К. өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді», - делінген ресми ақпаратта.

Соттың шешімімен балабақша тәрбиешісі кінәлі деп танылып, 15 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

«Сот тағайындаған бап санкциясына сәйкес кінәліге 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке қамау көзделген. Сондай-ақ, сот кінәлі К-ның жас баласының болуына және жасаған ісіне өкінуіне байланысты жауапкершілікті жеңілдететін жағдайды қарастырады», - деп хабарлайды қалалық соттан.

Одан бөлек, елордалық сот Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 50-бабы 2-бөлігіне сәйкес жүкті және 14 жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған әйелдерді қамауға алуға болмайтынын айтып отыр.

«Осыған орай сот балаға дене жарақатын келтірген тәрбиешіге 15 АЕК көлемінде айыппұл салды (45 945 теңге)», - дейді ведомстводан.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар