Астанада азық-түлік бағасын өсірмеу үшін қандай шаралар қолға алынған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов астанада азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі - басты назарда. Біз әлеуметтік маңыздағы азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үшін бірқатар шараларды жүзеге асырдық. Сауда желілеріне «айналым механизмі» бойынша бөлінетін соманы 13 еседен астам - 180 млн теңгеден 2,4 млрд теңгеге дейін өсірдік. Бұл әрекетіміз әлеуметтік маңызды тауарлардың 16 түрінің құнын ұстап тұруға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, сатып алуды ұлғайттық және бағаны тұрақтандыруға қатысатын сауда желілерінің санын 4-тен 12-ге дейін көбейттік. Олар - Магнум, Астықжан, Кеңмарт, Вкусмарт, А2, Метро, Анвар, Рахмет, Ақмол, Смолл, «Астаналық» базары, Шапағат» деп жазды шаһар басшысы Instagram парақшасында.

Әкімнің айтуынша, шаруа қожалықтарымен қосымша 704 млн теңгеге 5 мың тонна көкөніс сатып алуға форвардтық келісім жасалған.

Нан өнімдері бағасын тұрақтандыруға жергілікті наубайханаларға 600 млн теңгеден аса қаржы бөлінген.

«Бұл шаралар әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруға кәдімгідей көмектесті. Бірқатар ірі сауда желілері мен тауар өндірушілердің басшылығымен кездесу кезінде осындай әріптестікті әрі қарай жалғастыру жағын талқыладық. Сауда желілеріне «айналым механизмі» бойынша бөлінетін соманы 2021 жылдан бастап ұлғайтуды тапсырдым. Елордада 7 логистикалық кешен бар, 4 көтерме-тарату орталығының құрылысы жүріп жатыр (үшеуі - жеке инвесторлардың есебінен)» деп түйіндеді Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, инвесторлар сонымен бірге жылыжай, азық-түлік базарлары, көкөніс қоймалары, сүт зауыты және басқа нысандарды салу жөніндегі жеке жобаларды қолдап отыр.

Бұл шаралар да азық-түлік қауіпсіздігін нығайта түсіп, нарықты жергілікті тауарлармен толтыруға мұрындық болады.


Соңғы жаңалықтар