Астанада аз қамтылған отбасыларға көмек беру тетіктері пысықталуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының аудан әкімдіктері халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы отбасылардың шағымдарын қарастырып, оларға көмек беру тетіктерін пысықтауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Хабарланып отырғандай, Байқоңыр ауданында тұратын азаматтардың үйлерін аралау және оларды қабылдау шараларының нәтижесінде 217 аз қамтылған отбасы анықталған. Олардың 133-і - көпбалалы отбасылар (80 отбасы көппәтерлі тұрғын үйлерде, 53-і жеке секторда тұрады). Байқоңыр ауданы әкімдігінің жұмыс комиссиясы 8-17 ақпан аралығында ұйымдастырған кездесулер кезінде 214 өтініш берушіні әртүрлі сипаттағы сұрақтар толғандырған. Негізінен өтініш берушілерді тұрғын үй (204) алу тәртібі, әлеуметтік төлемдер (118) және оларды ұлғайту (69), сондай-ақ қалада тіркелу, балабақшаға орналастырылу, азық-түлікпен, көмірмен, киім-кешектермен қамту сияқты мәселелер мазалайды.

«Бүгінгі таңда медициналық қызмет көрсету мәселелері шешіліп , 27 мекенжай бойынша тамақ өнімдері мен көмір (сегіз отбасына-25 тонна) жеткізілді. Алты отбасының балалары балабақшаға орналастырылса, 16 отбасының мүшелеріне (96 адам) балалар және ересектерге арналған киімдер таратылды. Үш отбасының тұрғын үйді жалға алуына қаржылай көмек көрсетілді. Ауданның барлық мектептерінің әлеуметтік педагогтарына көмекке мұқтаж балалардың тізімі беріліп, спорт үйірмелеріне балаларды қабылдауға қатысты аула клубтарымен келіссөздер жүргізілді. Қалған отбасыларға азық-түлік өнімдерін жеткізу жалғасуда. Тіркеу мәселелері бойынша 29 отбасының тізімі Байқоңыр АІІБ-ға жіберілді», - делінген хабарламада.

Байқоңыр ауданында 4 398 жеке үй орналасқан. Олардың 2 277-сі - пешпен жылытылатын уақытша үй құрылысы, яғни бұл жеке құрылыстардың жалпы санының 51,8 пайызын құрайды. Аудан әкімдігінің қызметкерлері аудандық ТЖБ-мен бірлесіп, 1048 жекеменшік құрылысты аралап, өртке қарсы дабылы бар 70 датчик орнатқан. Ұлттық сараптама орталығының филиалымен жасалған меморандум аясында аудандағы 30 жеке үйдің түтін құбыры желілерін ақысыз тазалау жұмыстары жоспарланған.

Ал Есіл ауданы бойынша ТЖД мен жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері 5-17 ақпан аралығында Үркер, Пригородный, Тельман, Заречный және 23 бау-бақша қоғамын аралап, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы жөніндегі жадынамаларды таратқан. 2925 үйді аралап, олардың аумақтарында адамдардың тұруына арналған 690 уақытша құрылыс анықталған.

«Тексерілген үйлерде 4580 адам тұратыны анықталды. 166 мекенжай бойынша көпбалалы отбасылар тұрады екен. Тексеру нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 532 фактісі белгілі болды. Оларды реттеу бойынша жұмыстар басталып кеткенін айта кету керек: мәселен, 15 мекенжай бойынша пештерді сазбен жағу (жөндеу) және түтін жолдарын тазалау жұмыстары жүргізілді, Сондай-ақ, Есіл ауданының әкімдігі 50 улы газ датчиктерін сатып алды. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мәселелерін талқылау және түсіндіру үшін аудан әкімдігі жанынан үш мобильді топ құрылды. 9-10 ақпан аралығында жұмыс тобы қосымша 38 көпбалалы ананы қабылдады. 14-16 ақпан аралығында қабылдауға 136 адам келген болатын. Оның екеуі - зейнеткер, 12-сі - жалғызбасты ана, екеуі - мүгедек бала және 120-сы - көпбалалы отбасылардың мүшелері», - делінген хабарламада.

Негізінен, азаматтарды тұрғын үй алу, әлеуметтік көмір алу, жәрдемақы мөлшерін арттыру, мектептерде тегін тамақтандыру, балаларға арналған жеңілдікті жол жүру билеттері, тіркеу, жұмысқа орналастыру, балабақшаларға орналастыру, тұрғын үй алуға материалдық көмек көрсету мәселелері алаңдатады. Есіл ауданында азаматтарды қабылдаумен қатар көпбалалы отбасыларға қаржылай-материалдық көмек көрсетіледі. «Нұр Отан» партиясы аудандық ұйымының мүшелері мұқтаждарға көмек көрсетті. Олар 11 отбасыға 3 тонна көмір , 31 отбасыға «әлеуметтік себеттер», 20 отбасыға кеңсе керек-жарақтарын таратты. 15 отбасыға ет берілсе, төрт отбасы жылы киіммен қамтылған.

«Сол секілді Сарыарқа ауданы әкімдігінде тұрғындарды қабылдау жұмыстары ұйымдастырылды. Қабылдауда 370 адам болды. Іс-шараға 11 мүдделі мемлекеттік органның өкілдері қатысты. 16 ақпандағы мәлімет бойынша, 28 отбасыға көмір жеткізілсе, 67 отбасы азық-түлік себетімен қамтамасыз етілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда», - деп хабарлады Сарыарқа ауданы әкімдігінде.

Соңғы жаңалықтар