Астанада «Айка» фильмінің тұсауы кесілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Оскардың шорт-тізіміне енген қазақстандық «Айка» фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұсаукесерге картина режиссері Сергей Дворцевой мен Айка рөлін сомдаған актриса Самал Еслямова арнайы келді.

Осы туындының арқасында Самал Еслямова Канн фестивалінің жеңімпазы атанған болатын.

«Айканың» алғашқы көрсетілімін Астанада бастап отырмыз. Қазақстаның Мәдениет және спорт министрлігіне үлкен рахмет айтқымыз келеді. Министрліктің қолдауымен Оскар байқауына қатысып, әлемнің үздік 9 фильмінің қатарына ендік. Ал біздің актриса Самал посткеңестік кино тарихында алғаш рет әлемнің үздік актрисасы атанды. Барлығы «Айканы» ауыр фильм деп айтып жатыр, көрерменді олай қорқытпай-ақ қояйық. Бұл өте салмақты картина, онда әзіл де бар, драма бар», - дейді Сергей Дворцевой Kinopark 8 Imax Saryarka кинотеатрында.

Өз кезегінде Самал Еслямова картинаның 6 жыл бойы түсірілгенін, ондағы әрбір кадрға жете мән берілгенін атап өтті.

Фильмде Қырғызстаннан Мәскеуге келіп, онда заңсыз жұмыс істеп жүрген жас эмигрант әйелдің оқиғасы, оның ішкі адами өсуі, аналық сезімі баяндалады.

Сондай-ақ, фильм «Оскар» жүлдесінің «Шетел тіліндегі үздік фильм» санатында тоғыз картинадан тұратын қысқа тізіміне енді. Алайда, «Айка» бес фильмнен тұратын «Оскардың» соңғы үміткерлерінің тізіміне енбей қалды.

YouTube видеохостингінде кинокартинаның трейлері жарияланды. 14 ақпаннан бастап, «Айка» картинасы Ресей мен Қазақстан кинотеатрларынан көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар