Астанада әйгілі күйші Бейсенбінің шығармашылығына арналған кеш өтеді

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы  «Астана концерт залында»  16 тамыз күні  XIX ғасырда өмір сүрген атақты би әрі белгілі күйші Бейсенбі Дөненбайұлының шығармашылығына арналған  «Әділ би, тарлан күйші» атты  концерт өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бейсенбі Дөненбайұлы (1803-1872) Қытайдың Алтай аймағы, Буыршын ауданында туған. Сол дәуірдегі Алтайдағы әйгілі төрт бидің бірі болған. Әділ билігімен, асқан домбырашы, сазгерлігімен халыққа кеңінен танылған.  

 «Астана қаласы филармониясының басшысы Сәкен Әбдірахманов биылғы жылды дәстүрлі музыканы дәріптеу жылы етіп белгілеген. Осы тың жобаның аясында тарихымыздағы белгілі тұлғаларды халыққа дәріптеуді қолға алдық. Сол  қатарда қазақ күй өнеріндегі Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің белді өкілдерінің бірі  Бейсенбі Дөненбайұлының шығармашылығын атауға болады. Біздің «Сарыарқа» халық музыка ансамблі бұрыннан күйлерін орындап жүрген Бейсенбінің шығармалары әлі де болса халыққа кеңінен таныла қойған жоқ.  Бейсенбі Дөненбайұлының бүгінгі күнге 147 күйі жетіп отыр. Оның 47 -сі қоржынымызда сақтаулы, ал Бежеңнің (ел осылай атап кеткен) 20 күйі ансамбльге енгізілген.  Мысалы күйшінің тек «Кеңес» деп аталатын қырыққа жуық күйі барына көз жеткіздік. Одан бөлек жылқыға, батырларға арналған көптеген күйлері бар екен. Ендеше осындай мол қазыналы күйшінің шығармашылығынан неге жеке концерт ұйымдастырмасқа деген ой келді», - дейді «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі Ержан Тоқсабанов.

16 тамыз күні  Бейсенбі Дөненбайұлының шығармашылығына арналған «Әділ би, тарлан күйші» атты кеш өтпек.

«Аталған күй кешінде ансамбль Бежеңнің оншақты күйін орындамақ, сондай-ақ сыбызғының, сазсырнайдың сүйемелдеуі бар. Сосын тағы бірер күйі жетіген мен адырнаға түсіріліп жеке орындалса, одан бөлек төрт домбырада төрт дауыста ойналатыны да бар. Сонымен қатар Бейсенбінің атақты «Жылып өткен дүние» атты күйін әдейі нарқобызға лайықтап көрермен назарына ұсынғалы отырмыз. «Алакөз аттың жүрісі» деген күйі жетіген мен адырнада ойналады. Біздің филармонияда «Шалқыма» атты халық би ансамблі бар. Солар ансамбліміздің сүйемелдеуімен фольклорлық стильде би шығаруға қызу дайындық үстінде. Негізінде Бежеңнің шығармаларының барлығы домбырамен тартылатын күйлер. Бірақ, біздің басты мақсатымыз - дарынды күйшінің күйлерін елге таныту болған соң, бұл кешімізде әртүрлі аспапта ойнап, ерекше қызықты етіп, жоғары деңгейде өткізгелі отырмыз.  Сонымен бірге атаулы кеште танымал дәстүрлі әншілердің қатысуымен Алтай-Тарбағатай әуендерінен де әндер орындалады», - дейді Е. Тоқсабанов. 

Соңғы жаңалықтар