Астанада әйелдерге қолдау көрсететін «Бақытты отбасы» орталығы ашылды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында әйелдерге арналған қолдау көрсету және білім беру орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әйелдерге арналған орталықтың ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, елорда әкімі Алтай Көлгінов және тағы басқа құрметті қонақтар қатысты.

Жаңа орталықты құрудағы мақсат – көпбалалы, өмірде қиын жағдайға тап болған, жалғысбасты және ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсету.

«Құрметті әжелер, аналар және барша нәзік жандар! Таяуда ғана Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауын ұсынды. Бұл тарихи Жолдау болды. Біз үшін Тәуелсіздіктен құнды байлықтың жоқтығын үнемі айтып жүремін. Тәуелсіздіктің тірегі – біздің аналарымыз. Баланы тәрбиелеп, азамат ету ісімен ана айналысады. Ел президенттері мен ержүрек батырларды да тәрбиелеген ана. Ана - бәріміз үшін қымбат жан. Осы орайда біз аналарды, оның ішінде көпбалалы аналарымызды қолдап, көмек көрсетуіміз керек», - деді Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов атаулы шарада.

Қолөнермен айналысамын деуші жандарға ұлттық киімдер, бұйымдар және балаларға арналған ойыншық тігуді үйретеді.

Сондай-ақ, орталықта әйелдерге тегін психологиялық, медициналық және заң қызметі ұсынылады.

«Біздің орталыққа келген әрбір жанды қуана қарсы аламыз. Орталықты ашу - аяқ астынан жүзеге асырылған шаруа. Әрине, қолдау болмаса өз күшімізбен орталық аша алмас едік. Орталықтың ашылуына осындағы қыз-келіншектер мен аналардың еңбегі зор», - дейді «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Ырза Тұрсынзада.

Айта кетсек, Наурыз мейрамы қарсаңында ашылған орталықта 19-20 наурыз күндері «Көрпе фест-2022» фестивалі өтпек.

Одан бөлек, 21-22 наурыз күндері Mega Silk Way ойын-сауық және сауда орталығында көпбалалы аналар және аз қамтылған отбасыларға арналған жәрмеңке ұйымдастырылады.



Соңғы жаңалықтар