Астанада автобустың 9 көлікпен соқтығысуынан үш адам зардап шекті - ІІД

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жолаушылар тасымалдайтын автобус пен 9 бірдей жеңіл көліктің қатысуымен болған жол апатынан үш адам зардап шекті. Бұл туралы  Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске салайық, 23 тамыз күні №1 автобус паркіне тиесілі №9 бағдардың Iveco маркалы автобусы 20 км/сағ жылдамдықпен келе жатып («Vialon Pro»  GPS-бағдарламасының мәліметі бойынша) алдыңғы көліктерге соғылған болатын . Оқиға салдарынан 9 жеңіл көлік бір-бірімен түйіскен.

ІІД-ден мәлім еткендей, автобус Уәлиханов көшесі жағынан Республика даңғылына қарай бет алып келе жатқан, «№45 үйге қарама-қарсы жерде кедергі туындаған жерде қозғалысты бақылау мүмкіндігін қамтамасыз етпей және көлік құралын толығымен тоқтатуға дейінгі тиісті шараларды қабылдамастан, алда тұрған 9 көлікпен соқтығысуға жол берді»,  делінген таратылған хабарламада.

«Жол-көлік апаты салдарынан үш жүргізуші түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Екі жүргізуші қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен  кейін үйлеріне қайтарылды. «Фольксваген Поло» автомашинасының жүргізушісі ауруханаға жатқызылды. Қазіргі таңда тексеріс жүріп жатыр», - деп нақтылады ІІД-ден.

Айта кетейік, Astana LRT компаниясы таңертең жұмысқа кіріспес бұрын автобус жүргізушісі медициналық тексеруден, ал көлік техникалық тексерістен өткенін хабарлаған болатын.

«Алдын ала мәлімет бойынша, тежегіштің істен шығу нұсқасы нақтыланбайды»,  - деп атап өтті компаниядан.

Қазіргі таңда жүргізуші жұмыстан шеттетілді. 

Соңғы жаңалықтар