Астанада автобустарда тегін жүруді неге енгізбеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде астаналықтар электронды жолақы жүйесіне біртіндеп үйреніп келеді. Көлік жүргізушілері мен кондукторлар да бұл бастамаға амалсыз көнді. Алматыда электронды жүйені енгізгенде қаншама валидаторды сындырды. Сөйтіп, қолма-қол ақша айналымын қалдыруға тырысты. Астанада ондай жағдайлар болмаған сияқты. Дегенмен, бұған дейін қала әкімі Әсет Исекешев автобуспен тегін қатынау бастамасын ұсынған еді. Ол бастама неге іске аспай қалды? Қала басшылығы, шынымен де, қарапайым халықтың жағдайын ойлады ма? Жоқ, әлде бұл автопарктерді қорқытудың бір амалы болды ма? Әкімдік пен автопарктер арасындағы текетіресте кім жеңді? ҚазАқпарат тілшісі елордада электронды жолақы жүйесін енгізудің машақатын еске алды.

Осыдан екі жыл бұрын Астанадағы қоғамдық көліктерде элекронды жүйе орнатыла бастады. Сол кезде жаңа автобустар да жолға шықты. Сөз жоқ, ЭКСПО көрмесі болмағанда бас қаланың қоғамдық көліктері бірден жаңармайтын еді. Кондиционер, кең әрі таза салон, ыңғайлы орындықтар - бәрі-бәрі халықтың көңілінен шықты. Артынан гибридті автобустар да келді. Сөйтіп, не керек, халық бір марқайып қалды. ЭКСПО көрмесін де абыроймен өткіздік. Бірақ бірден жаңа автобустардың жыры басталды. Өткен жылы қазан айында қала билігі ол автобустардың қалай алынғанын және қыруар несиенің не себепті төленбей жатқанын жариялады. Сөйтсек, ЭКСПО-2017 көрмесі аясында әкімдік жекеменшік автопарктерге қоғамдық көліктерді жаңартып алуға көмектесті. Кепілдікті өз мойнына алды. Ал автопаркетр несиемен қыруар қаржыға жаңа автобустарды сатып алды. Бірақ пысықай кәсіпкерлер әкімдікті «лақтырып» кетті, несиенің ақшасын төлемей қойды.

Сол кезде «Астана LRT» компаниясы төрағасының міндетін атқарған Жанна Ақжанова ақшаның көлемін де жария етті. Оның сөзіне қарағанда, осыдан төрт жыл бұрын банктерден 107 млн еуро, ал бертін келе тағы 65 млн еуро несиеге алынды. Ол ақшаға әкімдіктің өзі кепілдік берді. «Астана LRT» компаниясы бәрін өз мойнына алып, 600-ге жуық су жаңа автобусты парктерге лизингпен таратқан. Олар өз кезегінде жолаушыларды тасымалдап, несиені біртіндеп қайтарамыз деді. Алайда автопарктер өз міндеттерін орындамай отыр. Тасымалдаушылар табыстың түспей жатқандығын айтуда. Содан несиенің салмағы «Астана LRT» компаниясы мен әкімдікке түсіп жатыр. Алдағы уақытта қаланың қоғамдық көліктерін жаңартуға тағы 1 600 автобус қажет болады. Оған қазіргі курспен шамамен 220 миллиард теңге кетеді. Демек, проблеманың көкесі әлі алда», - деді Ақжанова ханым.

Дәл сол отырыста қала басшылығы «қоғамдық көлік саласындағы қаржының ашықтығын қамтамасыз ететін революциялық жолды» ұсынды. Оған сәйкес, бір үйдің адамдары айына төрт мың теңгені төлейді де, автобуспен ешбір ақысыз қатынай береді. Бірақ ай сайын коммуналдық төлемдермен бірге жаңағы төрт мың теңгені төлеп отыру қажет. Сол кезде қала әкімі аталған бастаманы «автобуспен тегін қатынау» деп атады. «Алайда автобуспен ешбір ақысыз жүру үшін ай сайын белгілі бір сомада алымды төлеу керек. Енді, ол салық емес, қоғамдық көлікті дамыту үшін алынатын коммуналдық төлем тәрізді. Мысалы, қазір бір отбасы 30-40 мың теңгеге жол жүру абонементін («проездной» - авт.) сатып алса, жаңа жүйе бойынша барлығы үш-ақ мың теңге төлейтін болады. Жеке көлікпен жүретін біздер де үш мыңнан төлейміз. Сонда бәріміз қоғамдық көлік саласын дамытуға ақша құйғандай боламыз. Әрине, бұл мәселені әлі де талқылау қажет. Халықтың пікірін білген жөн», - деп атап көрсетті Әсет Өрентайұлы.

Шыны керек, тегін автобустар бастамасы жақсы идея еді. Ондай жүйе Эстонияның бас қаласы - Таллинде бар екен. Ол жақта тұрақты тіркеуге тұрған азаматтар қоғамдық көлікпен тегін жүре алады. Бірақ жергілікті заңға сәйкес, тұрақты тіркеуде тұрған әрбір адам ай сайын салық төлейді. Соның есебінен қоғамдық көлік саласын қаржыландырады. Былай қарасаң, Әсет Исекешевтің бастамасы да соған ұқсас. Бірақ қала әкімі коммуналдық төлеммен бірге келетін алымды «салық» деп атаған жоқ. Өйткені қоғамның «қосымша салық» дегенге бірден қарсы шығатынын жақсы біледі. Негізі, ондай төлемді енгізгенде елордада Таллиннің үлгісінде тегін автобустарды жүргізуге болатын еді. Алайда аталған бастаманың бірнеше проблемасы бар. Біріншіден, Астанада автобусқа мінбейтін адамдар, яғни жеке көлігі барлар көп. Олар ортақ қазанға ақша құюдан бірден бас тартты. Себебі өздері автобуспен жүрмейді. Екіншіден, қазірдің өзінде коммуналдық төлемдер саласында борышкерлердің аз емес екенін ескерген жөн. Ал қоғамдық көліктің төлемі енгізілсе, барлығы бір адамдай оны төлейді дегенге сену қиын. Үшіншіден, тегін қоғамдық көлік болса, онда қазіргі электронды жүйе де, карталар да, валидаторлар да қажет емес. Демек, қыруар қаржыны желге шашқандай боламыз. Содан болар, әкімдік өзінің «революциялық» бастамасын көп талқылаған да жоқ. Бір-екі рет көтерді де, қойды. Соған қарағанда, қала билігі онымен автопарктерді бір қорқытып алмақшы болды, автопарктер жаңа автобустардың несиесін уақытында төлей бастайды деп ойлады. Бірақ содан бері көп нәрсе өзгермеген сияқты.

Биыл әкімдік сараланған тарифтерді енгіземіз деп шықты. Қалалық мәслихат та бұл бастаманы бірден қолдады. Осылайша, өткен аптадан бастап қоғамдық көлікте қолма-қол ақша төлейтіндерге екі есеге шығындалуға тура келді. Ал электронды картаны алғандар бұрынғы 90 теңгені төлеп, емін-еркін жүре береді. Содан халықтың бәрі даладағы терминалдар мен кассаларға лап қойды. Бас кезінде біреудің ақшасы түспеді. Енді біреулер картаны іске қоса алмады. Сөйтсе, жаңа картаны валидаторға қойып, 10 секундай ұстай тұру қажет екен. Сонда электронды карта активацияланады. Бүгінде халықтың басым бөлігі картамен қатынап жүр. Ашығын айту керек, әкімдіктің дәл осы бастамасы - қоғамдық көлік саласындағы қаржының ашықтығын қамтамасыз етудің ең тиімді жолы. «Астана LRT»-ның хабарлауынша, бүгінде кейбір көлік жүргізушілері де жұмыстан өз еркімен кете бастады. Себебі «левый ақшаның» азайғанын сезді. Маршруттарда автобустардың біршама азайғаны да содан. Енді, жұмысқа жаңа маман аламыз дейді, жалақысы да жоғары болады деген жоспар бар.

Ашығын айту керек, жолаушылардың өздері сол «левый ақшаны» беріп отырды. «Сауап» жасаймыз деп, талай билетті кондукторға қайтардық. Сөйтіп, бюджетке түсетін ақшаның есепсіз қалғанына өзіміз себепкер болдық. Өйткені бір билеттің өзі үш-төрт рет қайтарылса, одан тек бір рет жүрген жолдың ақысы ғана есепке алынады да, қалғаны біреудің қалтасында кете береді.

Енді, билеттер де, кондукторлар да азаяды. Ал «қояндар» бірден жойылады деп айту қиын. Дегенмен, көліктік бақылау департаменті жергілікті полиция қызметімен бірге үнемі тексеріс жасап отырамыз дейді. Мәселен, жыл басынан бері қоғамдық көлікте жолақы төлеуден бас тартқан 359 адам анықталды. Ал оларға салынған айыппұлдың көлемі - 1 726 790 теңгені құрады. Сонда әрбір адам 4 810 теңгеден, яғни 2 айлық есептік көрсеткіштен төледі. Шыны керек, бес мың теңгені айыппұлға төлегенше, бір картаны сатып алған әлдеқайда тиімді. 

Соңғы жаңалықтар