Астанада автобус жүргізушілерінің кінәсінен 275 жол апаты болды

Автор:  
Марлан Жиембай

Астанада автобус жүргізушілерінің кінәсінен 275 жол апаты болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылы елорданың қоғамдық көлік жүргізушілері кінәсінен 275 жол апаты орын алды. Бұл жайында «City Transportation Systems» компаниясынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша тасымалдаушылар тарапынан 1 969 бұзушылық анықталды. Олардың ішінде ең көбі – аялдамаға кірмеудің 1 079 фактісі тіркелді.

Бұдан басқа, 2021 жылы қоғамдық көлік жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін 247 рет бұзған. 799 жол-көлік оқиғалары тіркелген. Оның ішінде жүргізушінің кінәсінен - 275», - делінген компанияның Facebook-парақшасында жарияланған ақпаратта.

Компания мәліметінше, Көліктік бақылау департаменті барлық бұзушылықтар бойынша қажетті шараларды қабылдайды және автобус парктерінің басшылығына жүйелі бұзушылықтарды жою бойынша ұсынымдар береді.

Айта кетерлігі, бұған дейін 2021 жылы елордада жол жүру ақысын төлемеген 222 415 адам анықталғанын хабарлаған болатынбыз.





Серіктестер жаңалықтары