Астанада автобус жұмысын бақылайтын қызметкерлер көбейтіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігі қала ішіндегі қоғамдық көліктерге қатысты кемшіліктерді қалай реттейді. Қалалық Көлік және жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Әлихан Қуатбеков әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында осы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сараланған тариф енгізілгелі бері көлік карталарын пайдалануда біраз күрделі мәселелер орын алды. Оны жасырмаймыз. Қоғамдық көлікте жүретін астаналықтардың 93 пайызы осы көлік карталарына ауысты. Соған қарамастан, әлі де карталардың толтырылуындағы олқылықтарды жою мәселелерін алға қойып отырмыз. Сонымен бірге, автобустардың интервалдарды сақтамау жағы әлі де болып жатыр.  Осының салдарынан әсіресе кешкі уақытта автобусты жолаушылар көп күтіп қалады. Мұны шешудің жолы бар. Қазір біз «Астана ЛРТ» компаниясына тапсырма беріп, бақылаушыларды көбейту жүйесін қолға алып отырмыз. Аз уақытта ол жұмыс нәтижесін береді деп есептейміз», - дейді ол.

Әлихан Қуатбеков баспасөз мәслихаты барысында бақылаушылар тек төлемнің жүргізілгенін тексерумен шектелмейтінін атап өтті.

«Ол бақылаушылар тек ақшаның төлену мәселесін ғана емес, автобустардың санитарлық жағдайын, жүргізушілердің өз жолында қалай ұстауын, автоинформатор, яғни аялдамаларды уақтылы хабарлау мәселелерін тексереді. Осы мәселелердің бәрі де жақын арада шешуге болатын шаруалар деп есептейміз», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар