Астанада ауыр жарақат алған бес жасар қыз дәрігерлердің бақылауында болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада денедегі соққы іздерінен кейін ем қабылдаған бес жасар қыз ауруханадан шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүлдіршінді алып кетуге тұтас делегация келді. Олардың арасында анасының әпкесі, психолог, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері, сондай-ақ Ішкі істер департаментінің қызметкерлері де бар.

«Баланың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде, енді оны ауруханадан шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде баланы қамқоршысына, яғни анасының әпкесіне тапсырып жатырмыз», - деді №2 балалар ауруханасындағы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Ербол Қозбағаров.

Оның сөзіне қарағанда, 3 айдан кейін бала оңалту курстарынан өтуі тиіс.

«Бұдан кейін бала әрбір 6 ай сайын невропатологтың бақылауында болуы керек. Атап айтқанда, бастан ауыр жарақат алған барлық науқастар невропатологтың тіркеуінде болады. Бұл ретте сауықтыру мен емдеудің ұзақ мерзімді курстары жүргізіледі», - деп толықтырды дәрігер.

Айта кетсек, аталған жәйт әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғамдық резонанс тудырды. Қолданушылар қыз баланың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, тіпті кейбірі оны асырап алуға дайын екендіктерін жазуда.

Естеріңізде болса, 3 наурызда Қуат Ахметжанов Қазақстандағы Бала құқықтары жөнінде уәкілдің Фейсбуктегі парақшасында WhattsApp мессенджерінен келген кішкентай қыз туралы хабарлама мен оның фотосуретін жариялады. Ол денедегі соққы іздерімен қалалық №2 балалар ауруханасына түскен.

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент депутаты Зағипа Балиева бес жасар қыздың тағдырын өз бақылауына алды.

Сонымен қатар ол баланың диваннан құлап, осындай жарақат алғандығы туралы себепке күмәнмен қарайтынын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар