Астанада аутизм орталығы ашылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада жылына 900 баланы қамтитын аутизм орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жұма күні Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек «Асыл Мирас» аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған орталыққа барды.

Шаһар басшысы Instagram-парақшасында жазғандай, орталық Болат Өтемұратов қоры әкімдіктің қолдауымен жүзеге асырған Астанадағы екінші мекеме. Қазір мұғалімдерді қабылдау жұмысы жүріп жатыр, көп ұзамай балалар осы орталыққа баратын болады. Жаңа орталық жылына 900-ге жуық баланы қамти алады.

Сондай-ақ Ж.Қасымбектің айтуынша, биыл бірқатар мектеп пен балабақшада инклюзияны қолдау кабинетін ашу жоспарланып отыр. Сол сияқты жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында әлеуметтік нысандарды, оның ішінде оңалту орталықтарын ашу қарастырылатын болады.

«Мұндай орталықтардың ашылуын ата-аналар тағатсыздана күтетінін білемін», - дейді елорда әкімі.

Бұдан бөлек, Жеңіс Қасымбек ерекше қажеттіліктері бар балалар қатынайтын №89 балабақшаға ат басын бұрды. Мұнда «Болашақ» корпоративтік қорымен бірлесіп инклюзияны қолдау кабинеттері ашылған.

«Кездесуде ата-аналар тьюторларды дайындау мәселесін көтерді. Біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. Оңалту орталықтары балалардың денсаулығын сақтауға, оң нәтижелер көруге әрі оларды әлеуметтендіруге мүмкіндік береді», - деп жазды астана басшысы.


Соңғы жаңалықтар